Алматы қаласының апелляциялық сатысы Сауда және интеграция министрлігінің FlyArystan-ға берген нұсқамасын жоюдан бас тартқан сот шешімін күшінде қалдырды. Енді лоукостер ішкі тасымалдау ережелерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкестендіруге тиіс. Бұл туралы министрлік хабарлады.
Тексеру әуе компаниясының ережелерінен жолаушылар құқығына нұқсан келтіретін бірнеше тармақ тапқан. Тасымалдаушы тасымал шарттарын біржақты тәртіппен өзгерту құқығын өзіне қалдырған, өз жауапкершілігін шектеген, заңды негізі жоқ жекелеген алымдар алып, ақшаны қайтаруға шектеу қойған. Сонымен қатар FlyArystan клиенттерді хабардар ету талаптарын орындамаған, жазбаша шағым беру тәсілдерін тарылтқан.
Тексеруге бір жолаушының шағымы себеп болды. Жоспардан тыс тексеруді Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті министрліктің бейінді комитетімен және Астана қаласы бойынша департаментпен бірге жүргізді. Қорытындысында әуе компаниясына бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, алайда FlyArystan тексерудің де, нұсқаманың да заңдылығын сотта даулады.
2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әуе компаниясының талабын қанағаттандырмады, ал апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының авиациялық қызметтерді бақылауға өкілеттігі бар екенін, берілген нұсқаманың заңды әрі негізді екенін растады.
Министрлік әуе компанияларының ішкі ережелері заң жолаушыларға кепілдік берген құқықтарды шектей алмайтынын атап өтті. Ақшаны қайтару тәртібі, қосымша алымдар және шағымдарды қарау тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сай болуға тиіс.
FlyArystan-ның билет құнын қайтару ережелері бұған дейін де қадағалау органдарының назарына ілінген: 2025 жылғы желтоқсанда Авиациялық көлік прокуратурасы билет құнын ваучермен қайтаруға мүмкіндік беретін тармаққа наразылық келтірген. Лоукостер жолаушылары кесте ақауларына да жиі шағымданады, мысалы, қарашада Қостанайда рейс төрт күнге шегерілген. Жақында тасымалдаушы отырғызуға неге 9 минут берілетінін де түсіндірген еді.



