Өзбекстанда отанына қайтарылуға тиіс шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды уақытша ұстайтын орталықтар пайда болуы мүмкін. Оларда адамдар бір жылға дейін ұсталады. Министрлер кабинеті қаулысының жобасын ІІМ әзірлеген, ол 3 желтоқсанға дейін талқыланады. Бұл туралы Gazeta.uz хабарлады.
Орталықтар ІІМ-нің Көші-қон және дербестендіру департаменті жанынан жұмыс істейді. Алғашқысын 2027 жылы Ташкентте, ал 2028–2030 жылдары Самарқан, Бұхара, Хорезм, Сурхандария және Ферғана облыстарында ашу ұсынылған. Олар мемлекеттік бюджет пен ІІМ қаражаты, демеушілер және халықаралық ұйымдардың гранттары есебінен қаржыландырылады. Жобада орталықтардың мекенжайы, орын саны мен құны көрсетілмеген.
Орталыққа сот шешімімен орналастырады. Бұл құжаты жоқ немесе құжатының мерзімі өтіп кеткен шетелдіктерге, елден шығару туралы сот шешімін орындамағандарға, сондай-ақ Өзбекстанда болуы қажетсіз деп танылып, белгіленген мерзімде елден кетпегендерге қатысты. Адамдарды жеке басы анықталып, тұратын еліне қайтаруға құжаты рәсімделгенге дейін ұстайды. Сонымен бірге олардың құқық бұзушылық пен қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Ұсталған адамдарға заң көмегі, аудармашы, телефон соғу, туыстарымен және өз елінің дипломаттарымен кездесу мүмкіндігі, түнде 8 сағат үздіксіз ұйқы мен серуен уәде етілген. Әр адамға кемінде 2,5 шаршы метр, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға 3 шаршы метр, жүкті әйелдерге, баласы бар әйелдерге және жұқпалы ауруға шалдыққандарға 4 шаршы метр орын тиесілі. Орталықтарда тұрғын бөлмелер, медпункт, ас үй, кір жуу орны және спорт алаңы болады. Мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қолдау орталықтарына, науқастар ауруханаға, ал психикалық ауруы барлар «Мурувват» интернат-үйлеріне жіберіледі.
Жоба барлық шетелдікке, оның ішінде Қазақстан азаматтарына да қатысты. Қазақстандықтар Өзбекстанда тіркелусіз 30 күнге дейін, ал жалпы алғанда 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімге бола алады.
Kursiv Uzbekistan жобада басқа мемлекеттер Өзбекстанға жіберген адамдарды қабылдау қарастырылмағанын атап өтеді. Өзбекстан СІМ бұған дейін Еуропада баспана алудан бас тартылған мигранттарға арналған орталықтар жөнінде ЕО-мен келіссөз жүріп жатыр деген хабарды жоққа шығарған.



