Украина президенті Владимир Зеленский Қырым көпірі Украина үшін заңды нысана екенін және оның «төтеп бере алмайтынын» мәлімдеді. Зеленский бұл туралы американдық NBC News телеарнасына берген сұхбатында Украинаның соңғы күндері көпірге неге бірнеше рет соққы бергені және Путиннің жауабы қандай болатыны туралы сұраққа жауап бере отырып айтты.
«Біздің ережеміз өте қарапайым: біз жауап береміз. Олар біздің энергетика инфрақұрылымымызға шабуыл жасаса, ал бұл бірнеше рет болды, біз жауап берудің жолын іздейміз. Ресей соғыстың не екенін сезінуі керек», – деді Зеленский. Оның айтуынша, Ресей жылдар бойы украин көпірлері мен темір жолдарын қиратып келді, ал Қырым көпіріне соққы соның жауабы болды. «Бұл – біз үшін мүлде заңды нысана, өйткені олар біздің Қырымды басып алды. Олар бұл көпірді салып, оны Ресейдің бір бөлігі деп жариялады», – деді президент.
Зеленский Путинге де сөз арнады: «Ол түсінуі керек: бұл көпір төтеп бере алмайды. Қазір, соғыс кезінде ме, әлде соғыс аяқталғаннан кейін бе – бәрібір». Оның сөзінше, Украина дипломатиялық жолмен бе, әскери жолмен бе, өз жерінің басып алынуымен келіспейді. Президент сондай-ақ Ресейдің бұл көпір арқылы Қырымға барынша көп қару тасып жатқанын еске салды.
Ұзындығы шамамен 19 шақырым болатын Қырым, немесе Керчь көпірін Ресей 2014 жылы түбекті басып алғаннан кейін салған. Ол Керчь бұғазы арқылы басып алынған Қырымды Ресейдің Краснодар өлкесімен жалғайды және Украинаның оңтүстігіндегі Ресей әскерін жабдықтайтын басты жолдардың бірі саналады.
Украина қорғаныс күштері соңғы бір аптада көпірге бірнеше рет шабуыл жасады. 16 қарашада соққыдан кейін көпірдегі қозғалыс шектелді, 17 қарашада қайталама шабуылдан кейін аркалардың бірі мен жол төсемінің бір бөлігі теңізге құлады, ал 19 қарашада Украина «Нептун» зымырандарымен жаңа соққы бергенін растады, содан кейін пойыздар қатынасы тоқтатылды. Бұл – Ресейдің логистикасына ауыр соққы: басып алынған Севастопольде жанармай сатуға шектеу қойылғандықтан, жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болды. Путин осы соққылардан кейін атысты тоқтатудан бас тартты.



