Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жылыжай иелері қияр көшетін өнім бергенін күтпей жұлып жатыр. Бұл көшеттерден алғашқы қияр қаңтарда күтілген еді. Бірақ фермерлердің айтуынша, оны сату мүмкін болмайды: нарық шетелден әкелінген арзан көкөніске толып кеткен, жергілікті қиярды алатын адам азайған. Бұл туралы Almaty TV телеарнасы хабарлады.
Жылыжай иесі Али Асадов 3,5 гектардың 1,5 гектарындағы көшетті жұлып тастаған. Оның сөзінше, бұл учаскеге 10 млн теңге жұмсалған, ал қиярды ақпанға дейін өсірсе, шығын 20 млн теңгеге жетеді — қазіргі бағамен оны өтеу мүмкін емес. Сарыағаштағы екі мыңға жуық жылыжай иесі бұл мәселемен үшінші жыл қатарынан күресіп келеді. Олардың айтуынша, тиісті ведомстволарға талай рет жүгінген, бірақ ештеңе өзгермеген.
Жылыжайлардың жабылуы тек иелеріне ғана соққы емес. Телеарнаның дерегінше, Сарыағаш ауданында бұл салада 30–40 мың адам жұмыс істейді, көп ауыл үшін бұл — жалғыз табыс көзі. «Біздің ауылда басқа жұмыс жоқ. Тек осы жерден табыс табамыз», — деді жылыжай жұмысшысы Венера Шыналиева.
Қазақстан фермерлік жылыжайлар қауымдастығының басшысы Данияр Қалтаев импортталатын көкөністерге салынатын кедендік бажды көтеруді сұрап отыр. «Өз өнімімізді өзіндік құнынан төмен сатсақ, банкрот боламыз. Импорт тауарлардың бағасын біздің бағамен теңестіру керек», — деді ол.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы фермерлердің пікірімен келіспейді. Басқарма басшысы Алибек Плалов телеарнаға бір килограмм қияр жылыжайшыларға 350–370 теңгеге түсетінін, ал 850–900 теңгеден сатылатынын айтты. «Сондықтан қазір баға жақсы деп айтуға болады», — деді ол. Басқарманың мәліметінше, биыл Сарыағаш ауданының аграрлық шаруашылықтарына шамамен 2 млрд теңге субсидия бөлінген.
Almaty TV телеарнасының Сарыағаштағы жылыжайлардың жабылуы туралы сюжеті:
Сарыағаш жылыжайшылары бұған дейін де шағымданған. Мамыр айында олар қызанақ өнімін өткізе алмай қалды. Сол кезде Сауда және интеграция министрлігі импортты толық шектеуге болмайтынын айтқан: елде өз қызанағы жетпейді. Ал 2024 жылы жылыжайшылар қауымдастығы вице-премьер Серік Жұмаңғариннен өнімді көрші елдерден көкөніс ағылмайтын екі-үш ай ішінде сатуға мүмкіндік беруді сұраған. Ол мәселені ведомстволармен бірге пысықтауға уәде берген.



