Wildberries-тің негізін қалаушы Татьяна Ким енді маркетплейсті басқармайды. Ресейдің Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміне (ЕГРЮЛ) сәйкес, 19 қарашадан бастап «Вайлдберриз» ЖШС-ның бас директоры болып компанияның топ-менеджері Алексей Куликов тағайындалды. Ким компанияны 21 жылға жуық басқарды.
Тізілім деректеріне қарағанда, Ким «Вайлдберриз» ЖШС құрылтайшыларының қатарында да жоқ және компания атынан сенімхатсыз әрекет ете алмайды. Wildberries пен Russ-ты біріктірген RWB тобының баспасөз қызметі Ким топтың стратегиялық дамуына жауапты болып қала беретінін, ал директордың ауысуы маркетплейс жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді. Компания бұл кадрлық өзгеріс туралы алдын ала хабарламаған.
Алексей Куликов бұған дейін де Wildberries құрылымдарында жұмыс істеген. 2024 жылдың тамызынан бері ол құрылыс жобаларымен айналысатын әрі толықтай «РВБ» ЖШС-ға тиесілі «ВБ Инжиниринг» ЖШС-ны басқарады. ТАСС мәліметінше, директор ауыспас бұрын RWB-ның иелік құрылымы да өзгерген: компанияның тең иелері қатарына екі жабық пайлық қор қосылды – «Томь» 17,5 пайыз, «Гало» 12,5 пайыз үлеске ие болды.
Бұл өзгеріс Еуропалық одақ 16 қарашада Татьяна Кимді санкциялық тізімге енгізгеннен кейін үш күн өткен соң болды. ЕО бұл шешімін Wildberries Ресейдегі ірі салық төлеушілердің бірі екенімен және маркетплейс арқылы әскери әрі қосарлы мақсаттағы тауарлар сатылатынымен түсіндірді.
Wildberries Қазақстанда да жұмыс істейді. Компания елімізде екі жеке логистикалық орталық салып жатыр: Астанадағысының аумағы шамамен 160 мың шаршы метр, ал Алматы маңындағысы 100 мың шаршы метрден асады. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, оларды 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Әзірге маркетплейс Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойманы жалға алып отыр.
Татьяна Ким Wildberries-ті 2004 жылы сол кездегі жұбайы Владислав Бакальчукпен бірге құрған. 2024 жылы маркетплейс Russ жарнама тобымен бірігіп, RWB компаниясы пайда болды, ал бизнесті бөлісу бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы шулы дауға ұласты.



