Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

Талғар трассасы Талғарға дейін кеңейтіледі, бірнеше үй алынады

Жұмыс кезінде трасса толық жабылмайды: көліктерге екі жолақ қалдырылып, жол бойындағы электр желілері жер астына көшіріледі.

Аким Алматинской области Чингис Аринов на встрече с жителями Талгарского района
Фото: акимат Алматинской области

Талғар трассасын тек БАКАД-қа дейін емес, Талғар қаласының өзіне дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов 20 қарашада Талғар ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты.

Жұмысты үш тарап бөліп атқарады. Алматыдан Бесағашқа дейінгі учаскені Алматы қаласының әкімдігі, Бесағаштан БАКАД-қа дейінгі бөлікті «ҚазАвтоЖол», ал БАКАД-тан Талғарға дейінгі жолды облыс әкімдігі өз күшімен кеңейтеді. Әріновтің айтуынша, қала әкімдігімен және «ҚазАвтоЖолмен» алдын ала келісім бар.

Жолды кеңейту үшін Бесағаш пен БАКАД арасындағы учаскеде бірнеше тұрғын үйді алып қоюға тура келеді. «Бесағаштан БАКАД-қа дейін бірнеше үй бар, менің ойымша, төрт үй, қазір нақты айта алмаймын, бірақ олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес алынады. Баға лайықты болады», – деді әкім. Өтемақының нақты мөлшері әзірге айтылған жоқ.

Жұмыс кезінде трасса толық жабылмайды: көліктерге екі жолақ қалдырылады. Жол бойындағы бағаналар алынып, электр желілері жер астына көшіріледі. Алдымен жаңа кабель тартылып, кейін тұтынушылар қайта қосылады. Әкімнің сөзінше, қайта қосу 30 минуттан бір сағатқа дейін созылады. Жұмыстың қашан басталып, қашан аяқталатыны кездесуде айтылмады.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2027 жылы «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» тасжолының 8 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді: жол төрт жолаққа дейін кеңейтіліп, жарықтандырылады, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Қазір Алматы шекарасынан басталатын Құлжа трактінің 12 шақырымдық бөлігі абаттандырылып, Алатау тасжолының 2,7 шақырымы кеңейтіліп жатыр.

Сол кездесуде Талғардың бір тұрғыны тұрғын үйлерге жақын орналасқан екі кәсіпорынға шағымданды. Олар – оқ-дәрі мен пиротехника шығаратын «Алма ДК» ЖШС және Панфилов ауылдық округіндегі аккумулятор мен металды қайта өңдеуге байланысты «Кайруна Металл» компаниясы. Тұрғынның айтуынша, жергілікті халықтың өтініштері қайта-қайта аудан деңгейіне жіберіледі. Әрінов екі кәсіпорынға да өзі баратынын айтты: «Жақсы, мен бұл кәсіпорындарға барамын, алаңдамаңыздар, жауап береміз».

Тұрғынның сөзінше, «Алма ДК» тұрғын үйлерден шамамен 300 метр жерде орналасқан. 2024 жылғы 29 маусымда кәсіпорында жарылыс болып, екі жұмысшы қаза тапқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз