Ақтаудың жоғарғы шағынаудандарындағы жалпы ұзындығы 203,1 шақырым инженерлік желі ешбір ұйымның балансында тұрған жоқ: құрылыс компаниялары үйлерді пайдалануға бергенімен, коммуникацияларды қалаға тапсырмаған. Мұндай учаскелерде апат болса, жөндеуді ұйымдастыру қиынға соғады. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімдігі хабарлады.
Коммуналдық кәсіпорындар бұл желілер олардың балансында болмаса да, апатқа шығып, ақауды жояды. Бұл оларға артық жүктеме түсіріп, бюджеттен қосымша шығынды талап етеді. Ал тұрғындар ақаулар уақтылы жөнделмейтініне шағымданады.
Әкімдікте арнайы кеңес өтіп, жауапты ұйымдарға желілерді коммуналдық меншікке қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар құрылыс компанияларының құжаттарды әкімдікке тапсыру рәсімін жеңілдету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Құрылыс салушылар құжаттарды тапсырған соң, желілер белгіленген тәртіппен коммуналдық кәсіпорындардың балансына беріледі. Сонда әр учаскеге оны күтіп ұстауға, жөндеуге және апатты жоюға жауапты ұйым бекітіледі.
Мәселе жаңа емес. Қараша айының басында әкімдік Ақтаудағы екі жаңа тұрғын үй кешеніндегі жылу берудегі іркілісті құрылыс салушының инженерлік желілер құжаттамасын әлі тапсырмағанымен түсіндірген. Облыс әкімдігі өткен жылы қаладағы жылу желілерінің тозуын 79% деп бағалаған, ал 19 қарашада жылу желісіндегі апат салдарынан №16 мектепке жылу беру шектелді.



