Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

ЕО мен Индонезия еркін сауда туралы келісімге қол қойды

Еуропалық комиссияның бағалауынша, ЕО-ның Индонезияға экспорты 15 жылда 40 пайызға жуық өседі.

Председатель Еврокомиссии Урсула фон дер Ляйен выступает на пресс-конференции в Брюсселе
Фото: AP

Еуропалық одақ пен Индонезия 21 қараша, сенбі күні Брюссельде жан-жақты экономикалық әріптестік туралы келісімге (CEPA) және инвестицияларды қорғау туралы жеке келісімге қол қойды. Еуропалық комиссияның мәліметінше, құжат ЕО тауарларына салынатын кеден баждарының 98,5 пайызын алып тастайды. Бұл келісім бойынша келіссөздер он жыл, яғни 2016 жылдың шілдесінен бері жүрді.

Салтанатты рәсімге Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен, ЕО-ның сауда жөніндегі комиссары Марош Шефчович, Индонезияның экономика жөніндегі үйлестіруші министрі Айрлангга Хартарто және ел сауда министрі Буди Сантосо қатысты. «Бұл – Еуропалық одақтың Азияда жасасқан ең өршіл келісімдерінің бірі», – деді фон дер Ляйен. Оның айтуынша, келісім 450 миллион халқы бар Еуропалық одақты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі экономикамен әрі халық саны жөнінен әлемде төртінші орындағы елмен байланыстырады.

Еуропалық комиссияның есебінше, еуропалық экспорттаушылар баж салығынан жыл сайын 600 миллион еуродан астам қаражат үнемдейді, ал ЕО-ның Индонезияға экспорты 15 жылда 40 пайызға жуық өседі. Бұдан ең көп пайданы машина жасау саласы мен автокөлік өндірушілері көреді. Сондай-ақ келісім еуропалық инвесторларға Индонезиядағы электромобиль, электроника және дәрі-дәрмек өндірісіне жол ашады. Оған қоса Индонезия 221 еуропалық географиялық атауды, яғни шыққан жеріне қарай аталатын өнім атауларын қорғауға міндеттенеді.

Келісім күшіне енуі үшін оны Еуропарламент мақұлдауы, ал Индонезия өзінің ратификация рәсімдерінен өтуі тиіс. Бәрі кідіріссіз өтсе, құжат келесі жылдың басынан бастап қолданыла бастайды. bne IntelliNews жазғандай, Джакарта үшін мерзімнің маңызы ерекше: 1 қаңтардан бастап Индонезия ЕО-дағы жалпы преференциялар жүйесі бойынша жеңілдіктерден айырылады, сондықтан CEPA күшіне енгенге дейін оның тауарлары әдеттегі баж төлейді.

2025 жылы ЕО мен Индонезия арасындағы сауда көлемі 28,9 млрд еуро болды: Еуропалық одақ бұл елге 10,2 млрд еуроның тауарын сатып, 18,7 млрд еуроның тауарын сатып алды. Оңтүстік-Шығыс Азияда ЕО осындай еркін сауда келісімдерін бұған дейін Сингапурмен және Вьетнаммен жасасқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз