Уэльс ханшайымы Кейт Миддлтон қатерлі ісік өзін қалай өзгерткенін Heal («Сауығу») атты жаңа деректі фильмде әңгімеледі. Фильмнің трейлерін 21 қарашада, сенбіде, Кенсингтон сарайы жариялады.
«Қатерлі ісік адамды шынымен өзгертеді. Ол денеңді өзгертеді. Ол сені физикалық тұрғыдан өзгертеді. Бірақ онкологиялық диагноздың сенің ішіңде өзгертетін әлдеқайда, әлдеқайда терең бір қыры бар», — дейді Кейт трейлерде. «Білесіз бе, сауығу — бұл жол. Бұрын білген нәрселеріңмен қалай қайта байланысуға болады, белгісіздіктің қасында үміт пен қуаныш сезімін қалай табуға болады», — деп жалғайды ол. Сосын: «Өмір сынақтарын жалғыз көтермеуіміз керек екені анық. Бәрі жаңарып, өсе алады. Көбіне дәл ауырсыну арқылы біз оның арғы жағында одан да зор сұлулық жатқанын түсінеміз», — деп қосады.
Фильм ханшайымның маусымда өткен National Three Peaks Challenge сынағы төңірегінде құрылған: ол 24 сағат ішінде Шотландия, Англия және Уэльстің ең биік шыңдарына көтеріліп, өзі емделген Лондондағы Royal Marsden ауруханасының онкологиялық қорына қаражат жинады. Кадрда ауыр дертпен күресіп жүрген басқа адамдар да бар, ал маршрут мәресінде Кейтті балалары — ханзада Джордж, ханшайым Шарлотта, ханзада Луи — және жұбайы ханзада Уильям құшақтайды. Бір көріністе ол інісі Джеймс Миддлтонға: «Мен қоңырау соққан жоқпын», — дейді. Royal Marsden пациенттері емді аяқтағанда дәстүр бойынша қоңырау соғады. BBC хабарлауынша, інісі: «Мүмкін, бұл сенің қоңырау соғуың шығар», — деп жауап береді.
Фильмнің трейлерін Кенсингтон сарайы X желісінде жариялады:
30 минуттық фильмнің премьерасы 29 қарашада BBC арнасында өтеді: iPlayer платформасында ол Астана уақытымен сағат 17:00-де, BBC One арнасында сағат 23:40-та көрсетіледі. АҚШ-та фильмді 30 қарашада NBC, Австралияда 1 желтоқсанда Channel 9, Канадада 7 желтоқсанда CTV көрсетеді. Фильмді таратудан түскен барлық табыс Royal Marsden қайырымдылық қорына беріледі. Фильмді тележүргізуші Кирсти Янг таныстырады, режиссері — Бенджи Джексон, ал операторы — 2024 жылы Кейттің химиятерапияны аяқтауына орай бейнеүндеуін түсірген Уилл Уорр. «Бұл әсерлі деректі фильм Уэльс ханшайымының ауыр дерт пен сауығу тәжірибесіне оның өз сөзімен баяндалған сирек көзқарас ұсынады», — деді BBC-дің контент жөніндегі директоры Кейт Филлипс.
Кейт Миддлтон 44 жаста, ол Ұлыбритания тағының мұрагері ханзада Уильямның жұбайы. 2024 жылғы наурызда ханшайым өзінде қатерлі ісік анықталғанын және іш қуысына жасалған отадан кейін химиятерапия курсынан өтіп жатқанын хабарлаған. Ісіктің қандай түрі екенін ол ашып айтпаған. 2025 жылғы қаңтарда Кейт ремиссия басталғанын жариялап, жұмысына біртіндеп оралды, ал өткен аптада Уильяммен бірге Earthshot сыйлығының салтанатына Мумбайға барды — бұл ханшайым емделгеннен кейінгі олардың алғашқы бірлескен шетелдік сапары еді.



