Нью-йорктік Quinn Emanuel заң фирмасының қызметкері, Илон Масктың адвокаты Алекс Спиро НФЛ аңызы Том Брэдидің соңынан «Челсиден» үлес сатып алмақ. The Guardian хабарлауынша, Спиро клубқа оның негізгі иесі — Clearlake Capital инвестициялық компаниясы арқылы қаражат салғысы келеді.
Бір күн бұрын осы газет Супербоулды жеті рет жеңген Брэдидің «Стэмфорд Бриджден» миноритарлық үлес сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Мәмілелер жүзеге асса, Брэди мен Спиро Clearlake-тің серіктесі атанады, бірақ «Челсидің» ісінде дауыс беру құқығы болмайды. Басылымның мәліметінше, олардың салымы қазіргі қожайындардың үлесінен әлдеқайда аз болады.
Clearlake қыркүйектен бері жаңа инвесторлар іздеп жүр. Сол кезде компания бұрынғы серіктестері Тодд Боэли мен Марк Уолтердің үлесін шамамен £1 млрд-қа (шамамен 596 млрд теңге) сатып алуға келіскен. Мәміле жыл соңына дейін жабылуы тиіс, одан кейін Clearlake клубтың 86,5%-ына иелік етеді. Боэли мен Уолтердің серіктесі, швейцариялық меценат Хансйорг Висс Clearlake пакетінің 12,9%-ын сатып алып, «Челсиде» қалды. The Guardian жазуынша, жаңа инвесторлар да осы тәсілмен келеді.
Спиро 2018 жылдан бері Масктың мүддесін қорғап келеді, 2022 жылы оған Twitter-ді (қазіргі X) $44 млрд-қа сатып алу кезінде кеңес берген. Оның клиенттерінің арасында Алек Болдуин, Ким Кардашьян және Jay-Z бар. Сонымен қатар заңгер УЕФА-мен даулы істе Джошуа Кушнерді қорғап жүр. Кушнердің Thrive Capital компаниясы ФИФА президенті Джанни Инфантиноның $4,2 млрд-тық жобасының жетекші инвесторы болған.
Брэди осы айға дейін Чемпионшип клубы «Бирмингем Ситидің» 3,3%-ына иелік еткен, ол клубқа 2023 жылғы тамызда кірген. The Guardian дереккөздерінің айтуынша, ол «Челсиге» инвестиция салуға жол ашу үшін акцияларын сатқан. Өткен жылы Брэди Нью-Джерсидегі клубтық әлем чемпионатының финалында лондондықтардың қонағы болған, ол Clearlake-тің бас келіссөзшісі Бехдад Эгбалимен жақсы қарым-қатынаста. «Челсиде» бұл жаңалыққа пікір білдіруден бас тартты.
Ал алаңда Хаби Алонсо командасы қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр: сенбіде «Челси» өз алаңында «Лидстен» 1:4 есебімен жеңілді.



