Үстірт мемлекеттік табиғи қорығындағы фотоқақпандар Үстірттегі ең сирек жыртқыштардың бірі — Алдыңғы Азия қабыланын түсіріп алды. Камера объективіне сондай-ақ Үстірт арқары, қарақұйрық және қарақал ілікті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады, деп жазады Kazinform.
Комитеттің мәліметінше, Алдыңғы Азия қабыланы қорық аумағындағы фотоқақпандарға бұған дейін де бірнеше рет түскен. Жаңа кадрларда сирек жануарлар мен құстар өздерінің табиғи мекенінде жүр.
Тұяқтылар мен жабайы мысық тұқымдастардан бөлек, кадрға шөл мен шөлейт жағдайына жақсы бейімделген жыртқыштар — қасқыр, түлкі және шиебөрі түсті. Құстардан камералар бүркітті, дала қыранын, қара күшігенді және кекілікті тіркеді.

«Ғалымдар үшін әрбір осындай кадр — жануарлардың мінез-құлқын, таралуын және табиғи ортадағы тіршілік ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік беретін құнды ғылыми материал», — деп атап өтті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде.
Үстірт қорығы Маңғыстау облысында орналасқан. Жақында өңірде жабайы тұяқтылардың күзгі санағы қорытындыланды: оның деректері бойынша, Маңғыстауда арқар мен қарақұйрық саны көбейген.



