22 қарашада таңертең Ресейдің шабуылдаушы дроны Вышгород ауданындағы Димер кентіндегі бесқабатты тұрғын үйге соқты. Кент Киев облысында, Украина астанасының солтүстігінде орналасқан. Үйдің бір подъезі бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін опырылып түсті. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, 14 тұрғынмен байланыс жоқ, олар үйінді астында қалуы мүмкін.
Дрон соққан соң үйде өрт шықты. Украина ТЖМҚ құтқарушылары ғимараттан тоғыз адамды, оның ішінде бір баланы эвакуациялап, өртті оқшаулады. Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко екі адамның жараланғанын хабарлады: қолына көптеген жарықшақ тиген жасөспірім ауруханаға жеткізілді, табанын кесіп алған 22 жастағы қызға көмек сол жерде көрсетілді.

Таңертең ТЖМҚ үйінді астында жеті адам болуы мүмкін екенін айтқан, кейін бұл сан сегізге жетті. Одан соң Зеленский байланысқа шықпай отырғандардың саны 14 екенін мәлімдеді. Қаза тапқандар туралы мәлімет әлі нақтыланып жатыр. Оқиға орнында құтқарушылар, кинологтар, пиротехниктер, инженерлік техника, ТЖМҚ психологтары мен Украинаның Қызыл Крест қоғамы жұмыс істеп жатыр: қираған құрылымдар бөлшектеліп, адамдар ізделуде.
Жарылыс толқыны үйдің қасындағы балабақша мен дүкен ғимаратын зақымдады. Зардап шеккен тұрғындарға арнап «Зернятко» балабақшасының баспанасында штаб ашылды. Онда әлеуметтік қызметтер, еріктілер мен психологтар жұмыс істейді, адамдарға ыстық тамақ беріледі, ал үйі зақымданғандарға терезені жабу үшін үлдір мен OSB тақталары таратылып жатыр.
Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко соққы болған жердегі құтқарушылардың жұмысын көрсетті.
Димерге жасалған соққы Украинаға түнгі шабуылдың бір бөлігі болды. Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің дерегінше, Ресей 186 дрон ұшырған, оның 72-сі реактивті дрон. Әуе қорғанысы олардың 161-ін атып түсірген немесе басып тастаған, 18 жерге тиген. Сол түні Ресей әскері Запорожьедегі тұрғын үйлерге басқарылатын авиабомбалармен соққы берді, онда да бір бала жараланды.
Зеленскийдің есебінше, тек осы аптада Ресей Украинаның 20 облысына 2 700-ге жуық дрон, 1 460-қа жуық авиабомба және 165 зымыран ұшырған. Оның едәуір бөлігі — баллистикалық зымырандар, соның ішінде Солтүстік Кореяда жасалғандары. Ол АҚШ-ты серіктестер PURL бағдарламасы арқылы төлеп қойған Patriot кешендеріне арналған зымырандарды Украинаға беруге рұқсат етуге тағы да шақырды.
Киев пен елорда облысы ресейлік террордың басты нысаналарының бірі болып қала береді: жақында зымыран «Киевводоканал» нысанына тиіп, Киевте жеті адам қаза тапты. Бейбіт адамдар тұратын үйлерге соққы беру — әскери қылмыс, Украина бұл үшін Ресейді жауапқа тартуды талап етіп келеді.



