Ресейдің 20 қарашадағы түнгі шабуылынан Киевте қаза тапқандар саны жетеуге жетті, тағы 17 адам жараланды. Бұл туралы астана мэрі Виталий Кличко хабарлады. Қаза тапқандардың екеуі – қала су арнасының қызметкерлері. Олар киевтіктердің үйінде су болуы үшін түнде өз нысанында кезекшілікте тұрған. Таңертең билік үш адамның қаза тапқанын айтқан еді.
«Киевводоканал» компаниясы қаза тапқандардың есімін атады. Олар – Дмитрий Петров пен Виталий Крючек. «Олар басқыншылардың қолынан жұмыс орнында қаза тапты», – делінген компания хабарламасында. Компанияның дерегінше, су арнасының тағы жеті қызметкері зардап шекті. «Олар әскери киім кимейді, бірақ жау атқылауы астында астананың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, өз майданын ұстап тұр», – деп қосты компанияда. Қаза тапқандардың әріптестерінің сөзінше, Ресей адамдарды ең қажетті нәрседен айыру үшін су, жылу және жарық нысандарын әдейі атқылап отыр.
Ресей Киевті түні бойы және таңертең баллистикалық зымырандармен және шабуылдаушы дрондармен толқын-толқынымен атқылады. Қалалық әскери әкімшіліктің дерегінше, соққылар Днепр арқылы өтетін үш көпірді – Подольск-Воскресенск, Дарница және Оңтүстік көпірлерін, сондай-ақ маңызды инфрақұрылым нысандарын зақымдады. Кейбір аудандар жарықсыз және сусыз қалды. Киев қалалық әскери әкімшілігінің баспасөз хатшысы Екатерина Поптың айтуынша, түске қарай жаралылардың сегізі ауыр жағдайда болған.
Бұл – бейбіт қалаға жасалған лаңкестік шабуыл: зымырандар мен дрондар тұрғын үй кварталдарына, көпірлерге және бейбіт тұрғындар жұмыс істейтін коммуналдық кәсіпорындарға ұшты. Халықтың тіршілігіне қажетті сумен жабдықтау нысандарына соққы беру халықаралық гуманитарлық құқық нормалары бойынша әскери қылмыс болып саналады.
Сол түні Ресей Украинаның басқа өңірлеріне де соққы берді. Елдің батысындағы Львовта мэр Андрей Садовыйдың айтуынша, екі адам қаза тапты. Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің елге 110-нан астам зымыран атқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Владимир Путин Украинаның Қырым көпіріне берген соққыларына «жауап» беретінін айтып, энергетикадағы бітімнен бас тартқан болатын. Киевке жасалған шабуылдың алғашқы салдары туралы airpress.kz 20 қарашада таңертең жазған еді, ол кезде билік қаза тапқандардың азырақ санын хабарлаған.



