Димаш Құдайберген Мексиканың Гвадалахара қаласына келді. Әнші мұнда 17 қарашада DIMENSIONS әлемдік турының аясында концерт береді. Dimashnews хабарлауынша, 15 қарашада әуежайда оны жүзден астам жанкүйер мен мариачи ансамблі қарсы алған.
Кездесуді жергілікті Mariachi Nungaray ансамблі әнмен әрлеген. Музыканттар «Historia de un Amor», «Bésame Mucho» және «Cielito Lindo» сияқты латынамерикалық классиканы орындады. Содан кейін Анхело есімді жанкүйермен бірге Димаштың өз әні – «Ұмытылмас күнді» шырқады. Осылайша қазақ әуені мексикалық аранжировкада естілді.
Жанкүйерлер әуежайға Қазақстан мен Мексиканың туларын, плакаттар ұстап, әншінің есімі жазылған футболкалар киіп келді. Қарсы алушылардың арасында мариачи костюмін киген бала да болды. Dimashnews суреттерінде әнші оның қасында тұрып, жұртқа қол бұлғап тұр.

Гвадалахара – турдағы Мексиканың үшінші қаласы. Бұған дейін Димаш Меридада өнер көрсетіп, концертті арманының орындалуы деп атады. Одан кейін Монтеррейге барды. Онда 14 қарашада сахнадан соғыссыз әлемге шақырды, ал келесі күні жергілікті жанкүйерлер оның құрметіне салған мурал жанында музыкант достарымен бірге ән орындады.
Димаш Құдайберген – алты октаваға жететін дауыс диапазоны бар қазақстандық әнші. Оған әлемдік танымалдық 2017 жылы Қытайдың «Мен – әншімін» шоуынан кейін келді. Қазір ол DIMENSIONS турымен Латын Америкасын аралап жүр.



