Қырғызстанның Ыстықкөл облысында 15 қарашаның кешінен бері Қазақстан шекарасына апаратын Түп – Кеген тасжолын қар басып жатыр. Кей жерлерде қардың қалыңдығы 40 сантиметрге жетті, бірақ жол ашық, көліктер қатынап жүр. Бұл туралы Қырғызстанның Көлік және коммуникациялар министрлігі хабарлады.
Дегенмен кейбір жүргізушілер қар үйіндісінде қалып қойды. Ыстықкөл облысының жол милициясы күшейтілген режимге көшіп, көліктерді шығаруға көмектесіп жатыр. Бұл туралы Қырғызстан ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті. Жүргізушілерге жылдамдықты асырмау, арақашықтық сақтау, дөңгелектерді тексеру және аса қажет болмаса алыс сапарға шықпау ұсынылды.
Жол қызметкерлері түні бойы тасжолды тазалады, ал 16 қарашаның таңында да қар жауып тұрды. Түп ауданындағы №4 жол пайдалану кәсіпорнының басшысы Рысбек Исмаиловтың айтуынша, қар ең көп түскен жер – тасжолдың 33–76-шақырымдары, онда қалыңдығы 30–40 сантиметр. Тазалауға алты техника шығарылған, оның бесеуі – ауыр техника. Қырғызгидромет Ыстықкөл облысының тауларында қар, кей жерлерде қалың қар жауып, жел екпіні секундына 15–20 метрге жетеді деп болжап отыр.
Сонымен қатар 16–19 қараша аралығында Қырғызстанның тау аудандарында қар көшкіні қаупіне байланысты дауылды ескерту күшінде. Ең қауіпті учаске – Чоң-Ашуу асуы арқылы өтетін Қарақол – Эңилчек жолының 74–90-шақырымдары. Тау жолдарында қар үйіндісі, тапталған қар мен көктайғақ күтіледі, ал көшкін қаупі бар учаскелерде көліктерге бір-бірінен кемінде 500 метр қашықтық сақтау ұсынылады.
Түп – Кеген тасжолы Ыстықкөлдің шығыс жағалауын Алматы облысымен жалғап, Қырғызстан жағындағы «Қарқыра», Қазақстан жағындағы «Кеген» өткізу пунктіне шығады. Бұл пункт 2025 жылғы тамыздан бері тәулік бойы жұмыс істейді. Қазақстанның көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, 2025 жылы ол арқылы 179 мың адам мен 43 мыңға жуық көлік өткен. Билік бұл учаскеде шекараның жабылғаны туралы хабарлаған жоқ. Қазақстанның өзінде 16 қарашаға барлық өңірде дауылды ескерту жарияланды.



