Қытайдың Pony.ai компаниясы мен Toyota Гуанчжоуда жүргізушісіз bZ4X робот-таксиімен коммерциялық сапарларды бастады. Бұл туралы 16 қарашада Pony.ai мен Toyota хабарлады. Көлікті PonyPilot қосымшасы немесе WeChat пен Alipay-дағы Pony.ai мини-бағдарламалары арқылы тәулік бойы шақыруға болады. Бұл — Toyota-ның сериялы шығарылған алғашқы электр робот-таксиі.
Серіктестер Қытайдың ірі қалаларының жолдарына осындай 1000-ға жуық көлік шығармақ. Гуанчжоуда қазір қанша bZ4X жолаушы тасып жүргенін және паркі қашан мыңға жететінін компаниялар айтпады. Модель қазір сынақтан өтіп, елдің басқа ірі қалаларында жұмыс істеуге дайындалып жатыр.
bZ4X — Pony.ai-дың жетінші буындағы үш робот-такси моделінің бірі. Көлік басынан-ақ төртінші деңгейдегі автономды жүргізуге арналып жасалған: басқарудың негізгі жүйелері қосарланған. Компаниялардың айтуынша, үдеу, тежеу және бұрылыстан өту бұрынғыдан бірқалыпты болған. Салонда Bluetooth арқылы құлыпты ашу, дауыстық көмекші, ойын-сауық жүйесі және климатты жеке баптау бар. Көліктерге қызмет көрсетуді, қуаттауды және жөндеуді Toyota-ның сервистік желісі өз мойнына алады.
Pony.ai Қазақстанға дәл осы буындағы робот-таксиді әкелуге уәде етіп отыр. CnEVPost жазғандай, қазан айында компания inDrive және Nvidia-мен бірге елімізде жүргізушісіз такси іске қосу туралы міндетті емес меморандумға қол қойған. Алғашқы қала ретінде Астана аталды: Pony.ai жетінші буын көліктері мен автономды жүргізу технологиясын жеткізеді, inDrive өз қосымшасында сервис жұмысын жүргізеді, ал Nvidia есептеу платформасын береді. Іске қосу мерзімі белгісіз: алдымен серіктестер Қазақстан үкіметімен келісуі керек. Елде бұған дейін де жүргізушісіз такси пилоты туралы айтылған.
Pony.ai мен Toyota робот-такси бойынша 2019 жылдан бері бірге жұмыс істейді. 2023 жылы олар GAC Toyota-мен бірге бірлескен кәсіпорын құрып, оған 1 млрд юаньнан астам (шамамен 66,6 млрд теңге) салған. Алғашқы сериялы bZ4X 2026 жылғы ақпанда конвейерден шықты. Pony.ai робот-таксилері қазірдің өзінде Пекинде, Шанхайда, Гуанчжоуда және Шэньчжэньде жүр, ал тамыз айында компания Uber-мен Еуропаның бес қаласында 2000-нан астам көлік іске қосу жөнінде келісті.



