Bloomberg жазуынша, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшыларының ұсталуы темір жол ұлттық компаниясының IPO-сын кейінге қалдыруы әбден ықтимал. ҚТЖ акцияларын Лондон мен Гонконгте орналастыруға дайындалып жатқан. Компания да, қор да мәмілені шегеру туралы әлі ресми мәлімдеген жоқ.
Ұстау орналастыруға дайындықтың шешуші кезеңіне тұспа-тұс келді. Гонконгтің Dimsum Daily басылымының хабарлауынша, 11 қарашада, қор мен ҚТЖ басшылығы ұсталған күні компания Гонконг қор биржасында листинг бойынша тыңдаудан өтті. Осыдан кейін ҚТЖ тыңдау қорытындысы бойынша проспект жариялады, орналастырудың демеушісі — қытайлық CICC инвестициялық банкі. Компания IPO күнін атаған жоқ.
Қазақстандық нарық өкілдері де мерзім шегеріледі деп күтеді. «„Самұрық-Қазына“ мен ҚТЖ басшылығының ұсталуы ҚТЖ-ның IPO өткізу жоспарларына сөзсіз әсер етеді. ҚТЖ акцияларын көпшілікке орналастыру, сірә, белгісіз мерзімге шегерілетін болады», — деді LS басылымына QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев. Оның айтуынша, IPO үшін бірқатар корпоративтік шешім қажет, ал «Самұрық-Қазына» тобында қылмыстық тергеу жүріп жатқанда оларды қабылдау мүмкін емес.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов Forbes Kazakhstan-ға берген пікірінде орналастыру 2026 жылы да, 2027 жылы да болмайды деп болжады. «Инвесторлардың қызығушылығы төмен болады деп ойлаймын», — деді ол.
Қыркүйектің соңында «Самұрық-Қазына» ҚТЖ 2026 жылы IPO-ны бірден үш биржада — AIX, Лондон және Гонконг биржаларында өткізетінін хабарлаған. Орналастырудан түскен қаражат компанияның қарызын азайтуға және инвестициялық жобаларына жұмсалуы тиіс еді. Bloomberg деректеріне қарағанда, ҚТЖ акцияларының 20%-ы үшін 5 млрд доллар (шамамен 2,2 трлн теңге) тартуды көздеген.
«Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты және ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ұстады, олар сыбайлас жемқорлық қылмысы жасады деген күдікке ілікті. Олардың кінәлі-кінәсіз екенін тек сот анықтай алады. Жақыпов қорды 2023 жылдың сәуірінен бері басқарады, Отыншиев 2026 жылдың шілдесінде ҚТЖ басшысы болып тағайындалған, оған дейін ол қордың стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры болған. Ұстаудан кейін «Самұрық-Қазына» инвесторларды міндеттемелердің орындалатынына сендірді, ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін шақырды.



