Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылығы жабдығын сатып алуға бюджеттен бөлінген субсидиядан 1,1 млрд теңгенің жымқырылуын тергеп жатыр. Күдікті қамауға алынды, деп хабарлады ҚМА 23 қарашада.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті бүкіл тізбекті өз қолына шоғырландырған: жабдық жеткізуші де, лизинг беруші де, мемлекеттік қолдау алушылар да оның бақылауында болған. «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген. Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы әрекет еткен, бюджет субсидияны дәл осы ұйымның арнайы шотына аударған.
«Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген», — делінген ведомство хабарламасында. Тергеу деректеріне қарағанда, кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған.
ҚМА күдіктінің аты-жөнін атамайды. Тергеу жалғасып жатыр, өзге мәліметтер ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. Агенттіктің тергеу әрекеттерінің бейнежазбасы бар хабарламасы оның Telegram-арнасында жарияланған:
Бұл ҚМА-ның қараша айында мемлекет қаржысына қатысты хабарлаған алғашқы ісі емес: бұған дейін агенттік Астанадағы «Ғылым қорының» 297 млн теңгелік грантын жымқыру ісі туралы және «Ғылым қорының» 945 млн теңгесін жымқырды деп айыпталған алматылық фирма директоры туралы мәлімдеген.



