Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Шалқарда 82 млн теңге жымқырған мектеп бухгалтерлеріне үкім шықты

Прокуратураның дерегінше, ақша бірнеше жыл бойы мектеп қызметкерлеріне асырып төленген жалақы арқылы шығарылып, артығын олар бухгалтерлерге қайтарып отырған.

Бухгалтер работает с документами и калькулятором, иллюстративное фото
Фото: Pexels

Ақтөбе облысындағы Шалқар аудандық соты №5 мектеп-лицейдің бас бухгалтерін 8 жылға бас бостандығынан айырды, тағы екі бухгалтерге 7 жылдан жаза тағайындалды. Олар бюджеттің 82 млн теңгеден астам қаражатын жымқырды деп танылды, деп хабарлады Бас прокуратура 23 қарашада.

Жымқыруды Шалқар ауданының прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалуын тексеру кезінде анықтаған. Прокуратураның дерегінше, 2021–2024 жылдары бас бухгалтер әріптестерімен бірге директордың ЭЦҚ-сын пайдаланып, мектеп қызметкерлеріне жалақыны асырып аударып отырған. Артық ақшаны қызметкерлер қолма-қол шешіп, бухгалтерлерге берген. Іс ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша — сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету бабы бойынша қозғалған.

Сотталғандар әзірге колонияға бармайды. Сот олардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдырды. Сонымен қатар үшеуіне де 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енді.

Үкім туралы хабарламаны прокуратура Бас прокуратураның Telegram-арнасында жариялады:

Прокуратура сотталғандардың аты-жөнін атамайды. Асырылған жалақыны алып, ақшаны қолма-қол шешкен мектеп қызметкерлері жауапқа тартылды ма, жоқ па — ведомство хабарламасында бұл туралы айтылмаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз