Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Өзбекстан растады: «Жібек жолы» 25 қарашада сағат 16:00-де ашылады

Жаңартылған пункт арқылы адамдар ашылу рәсімінен кейін ғана өтеді, сондықтан 25 қарашада кешке дейін ол арқылы сапар жоспарламаған жөн.

Обновлённый пункт пропуска «Гишткуприк» на границе Узбекистана и Казахстана
Фото: Хусен Тангриев / Instagram

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы «Гишткуприк» өткізу пункті — біз жақта ол «Жібек жолы» деп аталады — 25 қарашада ашылады, азаматтарды сағат 16:00-ден бастап өткізеді. Күні мен уақытын Өзбекстан Кеден комитетінің баспасөз хатшысы Хусен Тангриев жариялады. Бұл — алғашқы ресми растау: бір күн бұрын 25 қараша туралы Daryo басылымы Қазақстан елшілігіндегі дереккөзге сілтеме жасап жазған еді.

Өткізу басталмас бұрын пунктте екі елдің делегациялары қатысатын ашылу рәсімі өтіп, нысан қабылданады. Жаңартылған бекет арқылы шекарадан осы шаралар аяқталғаннан кейін ғана өтуге болады, сондықтан Өзбекстан кедені сапарды жоспарлағанда өткізудің басталу уақытын ескеруді сұрады.

Тангриев пункттің ашылатынын өзінің Instagram парақшасында былай хабарлады:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

Қайта жаңартудан кейін қазақстандық бөлік тәулігіне 70 мың адам мен 2 мың жеңіл көлікке, өзбекстандық бөлік 50 мың адам мен 1,5 мың көлікке есептелген. Өзбек бекетінде жеңіл көліктерге «жасыл» және «қызыл» дәліздері бар 16 жолақ жасалып, Z-портал сканері орнатылды. «Жібек жолы» пунктінде 2,7 гектар аумаққа әрқайсысының ауданы 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы салынды, өзбек пункті 9 гектар жерді алып жатыр. Жабылғанға дейін бұл өткел арқылы тәулігіне орта есеппен 30 мыңға жуық адам өткен.

Өзбекстанда бұл пункт «Черняевка» деген атпен белгілі. Ол 2025 жылғы 5 ақпанда жабылды, жөндеуді төрт айда аяқтау көзделген еді, бірақ мерзімі бірнеше рет шегерілді. Сәуірде Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұмаңғарин қыркүйекті атаған, ал қыркүйектің соңында Өзбекстан кедені ашылуды төртінші тоқсанға ауыстырды. Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті 4 қарашада-ақ «Жібек жолын» қайта жаңарту аяқталғанын, енді бәрі екі пункттің бір мезгілде ашылуына байланысты екенін хабарлаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз