Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Алматыда 3 мыңнан астам көліктің шығарындысы нормадан асып кетті

Пилоттық кезеңде LEZ аймағына кіргені үшін айыппұл салынбайды, ақы алынбайды, ал жоба қорытындысы бойынша әкімдік оны әрі қарай қалай жүзеге асыратынын шешеді.

Оборудование для замера выхлопа автомобилей у дороги в Алматы
Фото: акимат Алматы

Алматыда 1 қыркүйек пен 24 қараша аралығында 18 мыңнан астам көліктің шығарындысы тексерілді, олардың 3 мыңнан астамында бұл көрсеткіш нормадан жоғары болып шықты. Тексеру шығарындысы төмен аймақ құруға арналған LEZ пилоттық жобасы аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.

Көп жағдайда пайдаланылған газ құрамындағы көміртек тотығы рұқсат етілген мөлшерден асып кеткен. Сондай-ақ көмірсутектер мен түтін шығару көрсеткіштері бойынша да нормадан асу деректері анықталды.

Тексеруден кейін жүргізушілердің бір бөлігі ақауды жойып, қайта келді. 2 305 көлік қайта тексеруден өтіп, оның 1 475-і, яғни 64 пайызы белгіленген талапқа сай болды.

Тексеру қорытындысын әкімдік өзінің Telegram-арнасында жариялады:

LEZ пилоттық жобасы Алматыда 2026 жылғы 28 сәуірден бері жүзеге асып келеді және жыл соңына дейін жалғасады. Қазір ол Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы мен Достық даңғылының батысы аралығындағы шаршы аумақты қамтиды, ал жоба операторы — «Алматы Паркинг» МКК. Бұл кезеңде аймаққа кіруге шектеу қойылмайды, айыппұл салынбайды, жол жүру ақысы да алынбайды.

Қарашада қалада көліктердің пайдаланылған газын жол үстінде өлшеу де басталды. Ал 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматы орталығында салют пен петарда атуға тыйым салынады. Бұл тыйым әкімдік шығарындысы төмен аймақтың шекарасын бекіткен соң күшіне енеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз