Алматы облысының Іле ауданында JTI компаниясының аумағы 21 мың шаршы метр болатын жаңа кешенінің құрылысы басталды. Жобаға шамамен 30 млн доллар инвестиция салынады, құрылысты 2028 жылдың басында аяқтау жоспарланған, деп хабарлады Алматы облысының әкімдігі.
Әкімдік жоба салық түсімін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады және экспортты кеңейтеді деп күтеді. Кешен іске қосылған соң компания Орталық Азия елдері мен Моңғолиядағы өз өніміне артып келе жатқан сұранысты толық өтей алады. JTI аға вице-президенті Филип Ливингстонның айтуынша, компания келесі жылы өнімінің жартысына жуығын шетелге шығаруды жоспарлап отыр және өндіріс қуатын арттыруға қосымша қаржы салуға дайын.
Нысан автоматты басқару жүйесімен жұмыс істейді. Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеп, олардың едәуір бөлігін ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдалану көзделген. Кешен электр энергиясын жаңартылатын көздерден алады.
Құрылыстың басталуына арналған салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов пен компания басшылығы болашақ нысанның іргетасына уақыт капсуласын салды. Әрінов жобаны өңір мен JTI арасындағы ұзақ жылғы ынтымақтастықтың жаңа белесі деп атады.
Темекі өнімдерін шығаратын халықаралық JTI компаниясы Қазақстанда 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соңғы он жылда компания ел экономикасына шамамен 160 млн доллар инвестиция салған, қазір оның Алматы облысындағы кәсіпорнында 800-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етеді.



