Мажарстан Ресей басып алынған аумақтардан алып кеткен украин балаларын қайтару жөніндегі Халықаралық коалицияға қосылады. Бұл туралы 26 қарашада Мажарстан Сыртқы істер министрі Анита Орбан мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің коалицияға қатысуы «соғыс кезінде ұрланған украин балаларының аман-есен оралуына және отбасылардың қайта табысуына» көмектеседі.
Украин балаларын қайтару жөніндегі Халықаралық коалиция 2024 жылғы ақпанда Киевте құрылған. Оған ондаған мемлекет кіреді: олар Украинаға депортацияланған балаларды іздеуге, оларды қайтаруға және Ресейге қысым көрсетуге көмектеседі. Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибиганың айтуынша, қараша басында коалицияға Словакия қосылды.
Будапешттің бұл шешімі — елеулі бетбұрыс. Виктор Орбанның бұрынғы үкіметі тұсында Мажарстан Еуроодақтағы Ресейге ең жақын мүше болды. Қазіргі премьер-министр Петер Мадьяр Киевпен қарым-қатынасты жаңадан құрып жатыр: жуырда ол Закарпатьеде Владимир Зеленскиймен кездесіп, тараптар газ, дизель отыны және жаңа өткізу пункттері бойынша келісті.
Украин балаларын ұрлау — Ресейге тағылатын басты айыптардың бірі. Балаларды депортациялағаны үшін Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылы Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. 12 қарашада Еуропарламент Ресейдің украин балаларына қатысты әрекеттерін геноцид деп тануға шақырған қарар қабылдап, оларды қайтару бітім келіссөздерінде саяси саудаға түспеуі керек екенін атап өтті. Бұл мәселе Еуропадан тыс жерлерде де көтеріліп жатыр: жуырда Солтүстік Корея Бернның «Сондовон» балалар лагеріне салған санкциясына жауап ретінде швейцариялық дипломатты елден шығарды. Батыс бұл лагерьді балаларды басып алынған аумақтардан әкетумен байланыстырады.



