Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Таврическое ауылында 26 қарашада «ALTAY QUS» ЖШС-ның жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының іргетасына капсула салынды. Бұл туралы ШҚО әкімдігі хабарлады. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Жобаның құны – 5,5 млрд теңге. Алаңда жалпы 480 мың құсқа арналған бес құс қорасы салынады. Кәсіпорын жылына 150 млн-ға дейін тағамдық жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіре алады.
Фабрика іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары үшін 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, облыс инвестициялық жобалардан жаңа қуаттармен бірге салық түсімін, жергілікті өндірісті және азық-түлік қауіпсіздігін күтеді, ал бұл фабрика Ұлан ауданының жаңа өсу нүктесіне айналуға тиіс. Кәсіпорынның қашан іске қосылатынын әкімдік атамады.
Қазір елде жұмыртқа нарығына ерекше назар аударылып отыр: қараша айында Ауыл шаруашылығы министрлігі ЕАЭО елдерін қоса алғанда жұмыртқа әкелуге екі айға тыйым салды.



