Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Enbek.kz-те жұмыс іздеушілер жұмыс берушілерге баға қоя алады

Компания өтінімге жауап бермесе, жүйе тапсырманы мансап орталығының маманына өзі жібереді, ал ол кандидатура бойынша не шешілгенін анықтайды.

Цифровая служба занятости и биржа труда Enbek.kz
Фото: Министерство труда и социальной защиты населения РК

Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерді бағалау мүмкіндігі пайда болады: жұмыс іздеушілер компанияларға бір балдан бес балға дейін баға қоя алады. Бағалағанда бос жұмыс орнының өзектілігі, жарияланған еңбек жағдайының шындыққа сай келетін-келмейтіні және жұмыс берушінің өтінімдерді қалай қарайтыны ескеріледі. Бұл – «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасының жаңа мүмкіндігі, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жауапсыз қалған өтінімдермен жұмыс та өзгереді. Адам бос орынға өтінім жіберіп, жұмыс беруші үнсіз қалса, жүйе мансап орталығының маманына автоматты түрде тапсырма жасайды. Маман компаниямен хабарласып, кандидат жөнінде қандай шешім шыққанын анықтайды, қажет болса басқа бос орын табуға, түйіндемені түзетуге немесе сұхбатқа дайындалуға көмектеседі. Жұмыс берушілерге мансап орталықтары қажетті қызметкерді табуға жәрдемдеседі.

Министрлік жұмыс іздеушілердің пікірі компанияларды бос орындардың сапасына көбірек мән беруге мәжбүр етіп, жұмысқа алу ісін ашық ете түседі деп күтеді.

«Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» 2026 жылғы шілдеден бері Павлодар және Маңғыстау облыстарында жұмыс істеп тұр. Ол Enbek.kz биржасын, жасанды интеллектіні және мансап орталығы мамандарының жеке сүйемелдеуін біріктіреді. Осы уақытта 8,4 мың адам жұмысқа орналасты. Тағы 10 мыңнан астам азаматтың мәртебесі өзгерді: бұрын жұмыссыз саналып, жұмысқа орналасуға көмек ұсынылған бұл адамдар оқуға түсті, ЖК немесе ЖШС ашты не жасына қарай зейнетке шықты. Министрлік 2026 жылдың соңына дейін бұл қызметті елдің барлық өңіріне таратуды жоспарлап отыр.

Статистиканың соңғы деректері бойынша, үшінші тоқсанда Қазақстандағы жұмыссыздық 4,5% деңгейінде сақталды. 2027 жылдан бастап жұмыссыздық төлемі өседі.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз