Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Қазақстанда үшінші тоқсанда жұмыссыздық 4,5% деңгейінде қалды

Жұмыссыздық ең жоғары өңір – Маңғыстау облысы (5,1%), ең төмені – Қарағанды және Ұлытау облыстары, 4%-дан.

Иллюстративное фото к новости о безработице в Казахстане
Фото: Unsplash / Emil Kalibradov

Қазақстанда 2026 жылғы үшінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,5% болды. Бұл екінші тоқсандағы және жыл басындағы көрсеткішпен бірдей. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шамамен 445,6 мың адам жұмыссыз қалған.

Жұмыс күші, яғни жұмыс істеп жүрген немесе жұмыс іздеп жүрген адамдар саны – 9,85 млн. Оның 9,4 млн-ы жұмыспен қамтылған: 7,25 млн адам жалдамалы жұмыс істейді, тағы 2,16 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бір жылда жұмыспен қамтылғандар саны 73,3 мыңға артты. Тағы 4,77 млн қазақстандық жұмыс күшіне кірмейді: олар – зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағылар және басқалар.

Жұмыссыздық ең жоғары өңір – Маңғыстау облысы, мұнда көрсеткіш 5,1%. Одан кейін Павлодар (4,9%), Жамбыл (4,8%) облыстары мен Шымкент (4,7%) тұр. Жұмыссыздар ең аз Қарағанды және Ұлытау облыстарында – 4%-дан, Астана мен Солтүстік Қазақстан облысында – 4,2%-дан. Алматыда көрсеткіш ел бойынша орташа деңгеймен бірдей – 4,5%.

Әйелдерге жұмыс табу қиынырақ: олардың арасында жұмыссыздық 5,2%, ал ерлер арасында 3,9% болды. Қалаларда бұл көрсеткіш 4,6%, ауылдарда 4,4%.

Жұмыссыз ретінде есепте тұрғандар азырақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, қыркүйектің соңында мұндай адамдар 346,9 мың болған, бұл жұмыс күшінің 3,5%-ы. Айырмашылық есептеу әдістемесіне байланысты: статистиктер Халықаралық еңбек ұйымының қағидасы бойынша жұмыс іздеп жүрген және бірден жұмысқа шығуға дайын адамдардың бәрін жұмыссыз деп есептейді, тіпті олар жұмыспен қамту орталығына жүгінбесе де.

2025 жылы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6% болған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз