«Іле-Балқаш» резерватына жіберілген Үміт пен Амур жолбарыстары қазір өз бетінше аң аулап жүр, бірақ олардың кездескен-кездеспегенін және ұрпақ бере ала ма, жоқ па, әзірге айту мүмкін емес. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Tengri Life басылымына айтты.
Екі жыртқыш та Iridium спутниктік байланыс жүйесі бар GPS-қарғыбау арқылы үнемі бақылауда. Осы деректер бойынша мамандар жолбарыстардың қалай жүріп-тұрғанын, өзін қалай ұстайтынын және аумақты қалай игеріп жатқанын көреді. Жануарлардың қауіпсіздігі үшін министрлік олардың нақты қай жерде жүргенін жарияламайды.
Мамандар екі жолбарыстың жүрген бағытын әлі талдап жатыр, бірақ олар кездесті деп айтуға ерте. «Жолбарыстардың аумақтық жақындығы олардың тікелей байланысқа түскенін өз алдына дәлелдемейді. Кездесуді растау үшін мониторингтің қосымша деректері қажет», — деп түсіндірді ведомство. Жолбарыстар аумағын белгілейтін иіс таңбалары олардың бір-бірін табуына көмектесуі мүмкін, бірақ бұл да кездесуге кепілдік бермейді. «Олардың тікелей кездесу мерзімі мен ықтималдығын алдын ала анықтау мүмкін емес», — деп атап өтті министрлік.
Табиғи ортада жолбарыс күшіктерінің дүниеге келуі — жобаның күтілетін нәтижелерінің бірі, бірақ бұл жануарлардың физиологиялық жағдайына, көбеюге дайындығына, мінез-құлқына, бейімделуіне және азық қорына байланысты. «Жолбарыстар негізінен жалғыз өмір сүретінін және тұрақты жұп құрмайтынын ескеру керек. Сондықтан қазіргі кезеңде ұрпақтың пайда болуы туралы болжам жасау ерте», — деді мамандар.
Жолбарыстар бір-біріне қызығушылық танытпаса немесе аумақ бөлісе бастаса да, қажеттілік болмаса, олардың тіршілігіне ешкім араласпайды. «Жобаның негізгі қағидаты — адамның барынша аз араласуымен биологиялық үдерістердің табиғи түрде жүруін қамтамасыз ету. Жануарлардың бір-біріне қызығушылық танытпауы, сондай-ақ аумақтық мінез-құлық көрсетуі өз алдына араласуға негіз болмайды», — деп түсіндірді ведомство. Мамандар қосымша шараларды жануарлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда ғана қарастырады.
Екі жолбарыс та аңды сәтті аулап жүр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің дерегінше, Үміт қабан, бұқар бұғысы мен қасқыр аулаған. Амурдың да екі рет сәтті аң аулағаны анықталды: мамандар спутниктік қарғыбау арқылы жолбарыс бірнеше күн бойы аялдаған учаскелерді белгілеп, кейін сол жерлерден олжасының қалдығын тапқан.
Үміттің табиғатқа жіберілуін «Іле-Балқаш» резерваты Instagram-да көрсетті.
Үміт атты аналық жолбарыс резерватқа 31 шілдеде жіберілді — бұл Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарыстың табиғатқа алғаш оралуы еді. Амур атты аталық жолбарыс 31 қазанда жіберілді. Ересек жануарлармен бірге елге екі жолбарыс күшігі әкелінді, олар әзірге мамандардың қарауында. Алғашқы Амур жолбарыстары — Богдан мен Куманы 2024 жылғы қыркүйекте Нидерландыдан әкелген, ал 2025 жылғы қарашада Қазақстан мен Ресей жоспарға қол қойды, соған сәйкес ресейлік тарап тағы төрт жолбарысты өтеусіз береді.



