Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Жарамды су есептегіштерін ауыстырмауға рұқсат берілді

Түзетулер 9 қарашада күшіне енді, енді деректерді қашықтан беретін есептегіш тек жаңадан орнатқанда немесе істен шыққан аспапты ауыстырғанда міндетті болады.

Прибор учёта воды: новые правила эксплуатации счётчиков в Казахстане

Қазақстанда жұмыс істеп тұрған суды есепке алу аспаптарын жаңасына ауыстыру қажет емес. Бұл норма 2026 жылғы 9 қарашада күшіне енген су есепке алу құралдары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына енгізілген түзетулерде бекітілді. Есептегіш мерзімді салыстырып тексеруден уақтылы өтіп тұрса, оны тозғанға, істен шыққанға немесе жарамсыз деп танылғанға дейін пайдалана беруге болады, деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Деректерді қашықтан беретін есептегіштер енді үш жағдайда ғана міндетті: аспапты жаңадан орнатқанда, істен шыққан, салыстырып тексеруден өтпеген немесе толық тозған есептегішті ауыстырғанда, сондай-ақ Су кодексінің 107-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларда. Басқа хаттамалар мен технологиялар негізінде жұмыс істейтін, бұрыннан орнатылған деректер беру құрылғыларын тозғанға немесе бұзылғанға дейін пайдалануға рұқсат етіледі.

Қағидалар тұтынушыларды деректер берудің белгілі бір технологиясына байламайды және аспапта жапқыш клапанның міндетті түрде болуын талап етпейді. Министрліктің айтуынша, бұл есептегіш таңдау мүмкіндігін, оның ішінде отандық өнімді таңдауды кеңейтеді.

Аспапты пайдалану, оған қызмет көрсету, жөндеу, салыстырып тексеру және көрсеткіштерді беру үшін кім жауап беретіні де нақтыланды. Аспап сумен жабдықтаушының балансында тұрса, оған жеткізуші жауап береді, ал су тұтынушыға тиесілі болса, тұтынушының өзі жауапты. Пайдалануға берілмеген құрылыс объектілерінде есептегіш тапсырыс берушінің немесе құрылыс салушының міндетінде болады, ал жеткізушінің балансында жоқ жалпы үйлік аспаптарға кондоминиум объектісін басқару органы жауап береді. Тұтынушылар, құрылыс салушылар мен кондоминиумды басқару органдары пломбалар мен жабдықты сақтауға, көрсеткіштерді алу мен қызмет көрсету үшін жеткізуші өкілдерін кіргізуге міндетті.

Кепілдік мерзімі ішінде отырып қалған батареяны аспапты өндіруші не жеткізуші немесе олар уәкілеттік берген ұйым ауыстырады. Батарея бөлек ұяшықта орналасса және оны ауыстыру өлшеу механизміне, салыстырып тексеру таңбасына және пломбаларға әсер етпесе, кезектен тыс салыстырып тексеру қажет емес.

Жаңа талаптар елді мекендердің орталықтандырылған желілеріне қосылмаған сумен жабдықтау жүйелеріне және табиғи көздерден алынатын суды бастапқы есепке алуға қолданылмайды.

Өзгерістер Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 23 қазандағы №538 бұйрығымен 2025 жылғы тамызда бекітілген қағидаларға енгізілді. Құжат 28 қазанда Әділет министрлігінде тіркелді, оның толық мәтіні «Әділет» ақпараттық жүйесінде жарияланған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз