Қазақстандық шаңғышы, 1994 жылғы Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов Халықаралық Олимпиада комитетінің Пекинде өтетін 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары жөніндегі үйлестіру комиссиясының құрамына енді. Бұл туралы ХОК-тың ресми сайтында хабарланды.
Комиссияны Ресей Олимпиада комитетінің президенті Александр Жуков басқарады. Оның құрамына сондай-ақ КХЛ президенті Дмитрий Чернышенко, Дүниежүзілік керлинг федерациясының басшысы Кейт Кейтнесс, Халықаралық шаңғы федерациясының президенті Джанфранко Каспер, кіші Хуан Антонио Самаранч, Халықаралық бобслей және скелетон федерациясының президенті Иво Ферриани, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының президенті Чинг Куо Ву және басқалар кірді.
ХОК президенті Томас Бахтың айтуынша, Жуков басқаратын комиссия ұйымдастыру комитетіне Ойындарға дайындық жоспарын жүзеге асыруға қолдау көрсетеді. Оның сөзінше, «Олимпиадалық күн тәртібі – 2020» құжатына сәйкес басты назар қоршаған ортаны қорғауға аударылмақ.
ХОК шілде айында Куала-Лумпурде (Малайзия) өткен 128-сессиясында 2022 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының астанасы етіп Пекинді таңдаған. Қытай астанасының жалғыз бәсекелесі Алматы болды, Пекин одан төрт дауыс артық жинады.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



