Қазақстанның Сириядағы бұрынғы консулы Бабур Дәуренбек өзін мерзімінен бұрын елге кері шақыртып алды деп санайды. Ол лауазымына қайта оралуды талап етіп, Сыртқы істер министрлігімен сотта айтысуға дайын екенін мәлімдеді. Министрлік бұл жоспарлы ротация екенін, заң бұзылмағанын айтты.
Дау Дәуренбектің Facebook-тегі жазбаларынан басталды. Уақытша Иорданияда жүрген дипломаттың айтуынша, Қазақстанның бұл елдегі жаңа елшісі Азамат Бердібай оны «тәуелсіз жұмысы» үшін жақтырмаған. Дәуренбектің сөзінше, елші оны өз ырқына көндіруге тырысқан, міндеттерін өзгертіп, өзіне тән емес тапсырмалар берген, қызметтік көлігін алмақ болған, кеңсе-пәтеріне басқа дипломаттарды орналастырғысы келген. Сондай-ақ ол елшілік қызметкерлері елші отбасының жеке тапсырмаларын орындайды деп мәлімдеді. «Үйдегі дауды сыртқа шығарғым келмеп еді, бірақ жағдай мәжбүрлеп отыр», — деп жазды ол.
Оның айтуынша, 22 мамырда СІМ комиссиясы оның консулдық және қаржылық қызметін тексерген, тексеру жақсы өткен. Алайда ведомство оның хат-хабары сақталған қатты дискілерді алып қоюды талап еткен. 23 мамырда СІМ хатшысы шұғыл оралуды талап етті, кейін министр оған балалары оқуын бітіргенше қалуға рұқсат берген.
Дәуренбек 17 маусымда елге оралып, келесі күні «Радиоточкаға» өз нұсқасын айтып берді. Оның сөзінше, ол елшінің бір айлық жоспарынан бас тартқан, содан кейін елші орталыққа хат жазып, СІМ оны үш жылдық мерзім бітпей тұрып кері шақыртқан. Елге оралу туралы алғашқы хабарлама сәуірде келген, екіншісі 24 мамырға дейін кетуді талап еткен. Балалары мектепті бітірмейінше кетпейтінін айтқанда, оның айтуынша, оны жалақысынан, баспанасынан және көлігінен айырамыз деп қорқытқан. Түпкілікті есеп айырысуды ол 16 маусымда алған. «Мен әділдік талап етемін», — деді дипломат. Сот көмектеспесе, СІМ ғимаратының алдына наразылыққа шығуға дайын екенін де айтты.
СІМ-нің ресми өкілі Алтай Әбібуллаев сұхбаттан бір сағат өткен соң жауап берді. Ол «Дипломатиялық қызмет туралы» заңның 15-бабының 4-тармағына сілтеме жасады: шетелдегі мекемелерде үздіксіз жұмыс істеу мерзімі үш жылдан аспауы тиіс. Оның айтуынша, ротация жоспарлы түрде өткен, ал «лайықсыз», «қорлады» деген бағалар — жекелеген адамдардың пікірі. Дәуренбек дипломатиялық төлқұжатын және құжаттарын тапсыруы керек. Оның әрі қарайғы тағдырын СІМ-нің тәртіптік комиссиясы шешеді, комиссия әлі отырыс өткізген жоқ. Қызметкерлер құрамынан шығару туралы бұйрық шықпайынша, ол ведомство штатында тұр, қазір резервте.
Дәуренбек СІМ-де 1995 жылдан бері қызмет етеді, мамандығы — арабтанушы. Ол Мысырда, Сауд Арабиясында, Иранда және Өзбекстанда жұмыс істеген, Сириядағы консул болып 2012 жылы тағайындалған. Әйелі мен бес баласы бар.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



