Қазақстанда оқушылардың сабақты жүйелі түрде босатуы үшін олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін болды. Бұған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) оқыту жөніндегі міндеттерді орындамау» деп аталатын 127-бабы негіз болды. Сонымен қатар ата-аналарға білім беру саласындағы заңнаманы бұзу туралы 409-бап та қолданылуы мүмкін еді.
Білім және ғылым министрлігінің түсіндіруінше, дәлелді себепсіз күнтізбелік 10 күн және одан көп уақыт сабаққа бармау жүйелі түрде босату деп есептелді. Алайда кодекстің өзінде сабақ босатудың анықтамасы да, оның рұқсат етілген саны да көрсетілмеген. Әдетте ауру, жарыстар мен мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысу, сондай-ақ отбасылық жағдайлар дәлелді себеп ретінде танылды.
Мұндай істер бойынша хаттаманы ювеналдық полиция қызметкерлері толтырды, ал дәлел ретінде мектеп басшылығы ұсынған сабаққа қатысу туралы мәліметтер пайдаланылды. Жаза туралы шешімді сот қабылдады. Ұзақ уақыт сабаққа келмеген балалардың отбасылары бақылауға алынды: олардың жағдайын білім беру ұйымдарындағы профилактика кеңестері мен әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялар қарады.
Informburo.kz материалдары бойынша.



