Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жеті жасар бала ауыр мас күйінде қалалық аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Zakon.kz басылымы YK-news.kz сайтына сілтеме жасап хабарлағандай, бірнеше күн ішінде ауруханаға қатты алкогольдік уланумен үш бала жеткізілген.
Басылымның дерегінше, алғашқы оқиға шамамен үш апта бұрын болған: 12 жасар қыз 16 жасар құрбысының үйіне қонаққа барып, екеуі шарап татып көруге шешкен. Қыз «орташа ауырлықтағы алкогольдік мастық» диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Екі күннен кейін қабылдау бөліміне қатты мас 13 жасар жасөспірім түскен, ал бірнеше сағаттан соң дәрігерлер дәл сондай диагнозбен жеті жасар баланы қабылдаған.
Екі бала түнді жансақтау бөлімінде өткізіп, есін жиған, кейін тағы үш күн бойы уланудан емделген. Риддер қалалық ауруханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Светлана Горбунова олардың түскен кездегі жағдайын «өліктей мас» деген сөзбен сипаттаған.
Балалар болған жайды дәрігерлерге де, ата-аналарына да айтпаған. Ересектер тек екеуінің де арақ ішкенін, бірақ әртүрлі ортада болғанын анықтай алған.
Риддер қалалық ішкі істер бөлімі болған оқиғаға ата-аналар жауап беретінін мәлімдеп, оларға қатысты хаттамалар толтыра бастаған. Полицияның айтуынша, балаға әдейі ішімдік ұсынғандар да жазаға тартылуы мүмкін.
Zakon.kz, YK-news.kz материалдары бойынша.



