Мазмұнға өту

«Астана ЭКСПО-2017» үшін 724 млн теңгелік қоршауды кім салды

Тергеу нұсқасы бойынша, ұлттық компанияның лауазымды тұлғалары тендерде «Southfork ltd» серіктестігінің жеңуіне заңсыз жағдай жасаған.

«Астана ЭКСПО-2017» құрылыс алаңының уақытша қоршауын 724 млн теңгеге (3,8 млн доллардан сәл астам) «Southfork ltd» ЖШС салған. «Радиоточка» ашық және ресми дереккөздерге сүйеніп, бұл компанияның кім екенін және кіммен байланысты екенін анықтады.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы тергеу жалғасып жатыр. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев пен құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Қажымұрат Усенов үйқамақта отыр. Өткен аптада басқарушы директор Суламбек Баркинхоев ұсталды. Тағы бес адам, оның ішінде бір мердігер ұйымның басшысы жауапқа тартылды.

Southfork Қабанбай батыр даңғылы, Т. Рысқұлов және Орынбор көшелері мен Хусейн бен Талал даңғылы аралығындағы учаскеге уақытша қоршау салу жөніндегі ашық тендерді жеңіп алған. Тергеу нұсқасы бойынша, Усенов пен ұлттық компанияның бірқатар лауазымды тұлғалары осы серіктестіктің жеңуіне заңсыз жағдай жасаған. Оның шотына ірі сомалар аударылып, бір бөлігі кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Компанияны 1953 жылы туған Нұрлан Акпамбетов басқарады. Серіктестік 1998 жылғы ақпанда құрылып, 2000 жылғы желтоқсанда қайта тіркелген. Ол ауа баптау, желдету, жылумен және суықпен жабдықтау саласында жұмыс істейді, құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалауға I және II санатты лицензиялары бар. Астанадағы филиалды Сеит Сеитов басқарады. Филиалдың негізгі қызметі — сумен жабдықтау, жылыту және ауа баптау жүйелерін монтаждау, алайда оның құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалауға рұқсат құжаттары жоқ.

Компания сайтындағы деректерге қарағанда, ол Алматыдағы «Фаворит» тұрғын үй кешенін, Мирас шағынауданындағы «Таң Нұры» тұрғын үй кешенін, «Көктем» бизнес орталығын, Алматы мен Астанадағы «Тұран» университетінің ғимараттарын, сондай-ақ Талғардағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен «Sinooil» желісінің жанармай құю бекеттерін «кілтін қолға беріп» тапсырған. Мемлекеттік тапсырыстар қатарында Президент Іс басқармасы медициналық орталығының клиникалық-оңалту кешеніндегі, Тұңғыш Президент қорының дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі, «Медеудегі» және туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтағы инженерлік жұмыстар бар.

Southfork серіктестерінің арасында «Петроспек», «Kessel», «AERMEC-Казахстан», «Азия Юником», «Intellectual Service Group» бар. «Радиоточканың» дерегінше, олардың бір бөлігі Акпамбетовтер отбасымен байланысты. Нұрланның інісі Ақылбек Акпамбетов (1958 жылы туған, Қызылордада дүниеге келген) «Петроспек» ЖШС-ын басқарған, бірқатар қазақстандық және ресейлік компаниялардың директорлар кеңесінде болған. Ол сондай-ақ Талғат Сеитов басқаратын «Petrospek-ИЛИП» ЖШС-ының құрылтайшыларының бірі. Талғаттың бауыры Сеит Сеитов «Kessel», «Азия Юником» және «Intellectual Service Group» серіктестіктерінің иесі. «Петроспектің» жалғыз қатысушысы — Ерлан Тлеуов, «AERMEC-Казахстан» да соның атында тіркелген. Бұрын Ақылбек басқарған «Зенит-А» ЖШС оның бауыры Гүлнараның атында.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз