Қызылорда облысының Сырдария ауданында жүгеріні кептіріп, сақтайтын кешен іске қосылды. Бұл — құны 40 млрд теңге болатын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» инвестициялық жобасының бірінші кезеңі, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Кешенге бір мезгілде 20 мың тонна астық сыяды.
Жоба 35 гектар жерде екі кезеңмен жүзеге асырылады. Екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеп, одан крахмал мен сірне (патока) шығаратын зауыт салу жоспарланған. Министрлік хабарламасында екінші кезеңнің мерзімі айтылмаған.
Болашақ зауыттың шикізат базасы енді қалыптасып келеді. Биыл облыста дәнге арналған жүгері 11 мың гектарға егіліп, 60 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бекітілген жол картасы бойынша 2027 жылға қарай егіс көлемі 28 мың гектарға жетуі тиіс.
Жергілікті фермерлер үшін кешен егістікке жақын жерде өнімін тұрақты өткізу мүмкіндігін береді: астықты кептіруге және сақтауға, кейін өңдеуге тапсыруға болады. Министрлік мұның жүгері өсіруді тиімдірек етіп, диқандарды егісті кеңейтуге ынталандырады деп есептейді.
Қызылорда облысы дәстүрлі түрде күріш өсіреді — 2026 жылы бұл дақылға 70 мың гектар бөлінді. Елде жүгері егісін 2026 жылы ұлғайту жоспарланған еді, ал билік ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттарының бірі деп атайды.



