Бір тәулік ішінде Қазақстан жолдарындағы қар үйінділерінен 407 адам эвакуацияланды. Бұл туралы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлады Today.kz.
Бірқатар өңірде ауа райы қолайсыз болып тұр, алайда көптеген жүргізушілер ТЖК ескертулеріне құлақ аспаған. Адамдарды құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар, жол қызметтері, ІІМ қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы құрылымдары құтқарды.
Ақмола облысында 7 наурызда сағат 17:15-те Қиима – Атбасар тасжолының 30-шақырымында, Алғабас ауылы маңында 100 адам, оның ішінде төрт бала эвакуацияланды. Жұмысқа ТЖД-ның өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мен «Запорожье» ЖШС қатысты. Тазартылған учаскеге 40 бірлік техника сүйреп шығарылды.
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында сағат 17:55-те Бадамша – Хромтау жолының 5-шақырымында қар үйіндісінен бес адам мен екі көлік шығарылды.
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында Мамлютка – Қостанай тасжолының 30-шақырымында босанатын әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі сүйреп шығарылды. Сол облыстың Меңдіқара ауданында сағат 15:30-да Красная Пресня – Звериноголовское жолының 40-шақырымында 50 жолаушысы, оның ішінде 32 баласы бар автобус пен тағы 21 бірлік техника сүйреп шығарылды. Онда барлығы 55 адам, оның ішінде алты бала эвакуацияланды. Оларды Красная Пресня кентіндегі орта мектепте тамақтандырып, кейін жолдың тазартылған бөлігіне дейін шығарып салды.
Ең күрделі жағдай Солтүстік Қазақстан облысында қалыптасты. ТЖК мәліметінше, 7 наурызда өңірдің жеті ауданында 194 адам эвакуацияланып, 72 бірлік техника тазартылған учаскелерге сүйреп шығарылды.
«Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан филиалы 7 наурызда дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер 8 наурызға секундына 15–20 метр, кей жерлерде екпіні секундына 25 метрге дейін жететін оңтүстік-шығыс желін болжады.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



