Мазмұнға өту

Қазақстан Дүниежүзілік банк инвестициясын тартудан көш бастады

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, Дүниежүзілік банк 1992 жылдан бері Қазақстанға 6,8 млрд доллардан астам қаржы салған.

Қазақстан Дүниежүзілік банктен тартылған қаржы көлемі бойынша Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі ең ірі ел атанды. Бұл туралы 13 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов мәлімдеді.

«Қазақстанмен 1992 жылдан бергі ынтымақтастық кезеңінде Дүниежүзілік банк 6,8 млрд доллардан астам инвестиция салды», – деді Құсайынов. Оның айтуынша, бұл қаржы жол және әлеуметтік инфрақұрылымға, шағын және орта бизнесті қолдауға, білім беру мен денсаулық сақтауды жаңғыртуға, кеден және салық әкімшілігін жетілдіруге, қоршаған ортаны қалпына келтіруге жұмсалған. Мысал ретінде ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізін атады.

2014 жылғы мамырда Қазақстан мен Дүниежүзілік банк серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойған. 2016–2021 жылдарға жалпы құны 4,9 млрд доллар болатын бірлескен жобалар жоспарланған, оның 4,3 млрд долларын банк қоса қаржыландырады. 2015 жылы парламент құны 293 млн доллар болатын алғашқы үш жобаны ратификациялады. Сол жылы бюджет тапшылығын жабуға арналған 1 млрд долларлық қарыздың бірінші траншы мақұлданды, дәл сондай сомадағы екінші траншты шілдеде мақұлдау жоспарланып отыр. Биыл ратификациялауға құны 1,3 млрд доллардан асатын тағы үш жоба енгізілмек, соның ішінде Астана – Бейнеу учаскесін қайта жаңарту жобасы бар.

Құсайынов үкімет пен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы кеңселері туралы келісімді ратификациялау жөнінде баяндама жасады. Құжатқа 21 қаңтарда Давоста қол қойылған. Кеңселер мен қызметкерлердің шығынын банктің өзі көтереді, ал оның қызметкерлеріне салық және өзге де жеңілдіктер беріледі.

«Радиоточка», Zakon.kz материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз