Алматының Наурызбай аудандық соты жедел жәрдем дәрігеріне шабуыл жасаған Рифат Базикеновке үкім шығарды. Оған қамауға алынбай, бес жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Алдыңғы отырыста прокурор сотталушыға жалпы режимдегі колонияда өтелетін бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал зардап шеккен дәрігер Наркескен Сейсенбаевтың адвокаты, керісінше, ең жеңіл жаза тағайындауды өтінді. Бұл ұстаным сотталушының келтірілген зиянның бір бөлігін өтегенімен және жәбірленушінің тараптарды татуластыру туралы өтініш бергенімен түсіндірілді. Дәрігердің өкілдері бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға келісетінін білдірді.
Сот Базикеновтің әрекетін ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігінің 2-тармағынан сол баптың 1-бөлігіне, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп қайта сараптады. Судьяның айтуынша, зиян дәрігердің қызметтік міндетін атқаруына байланысты емес, «қызғаныш кезінде пайда болған жеке араздық салдарынан» келтірілген.
Шабуыл 2015 жылғы 26 қарашада түнде жүрегі ауырып, жедел жәрдем шақырған науқас әйелдің үйінде болған. Хабарланғандай, әйелдің танысы дәрігерді кірпішпен ұрып, фельдшермен төбелесіп, кетіп қалған. Кейін оны полиция ұстап, іс сотқа жолданды.
Наркескен Сейсенбаев бір айға жуық комада жатып, 2015 жылғы желтоқсанда есін жиды.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



