Мазмұнға өту

Өскеменде Су-24 ұшқышы Олег Пешковты еске алу акциясына тыйым салынды

Сыныптастары мен ардагерлерді Сирияда қаза тапқан бомбалаушы ұшақ командирі оқыған №29 мектепке кіргізбей, олар гүлді интернационалист жауынгерлер ескерткішіне қойды.

Өскеменде Сирияда қаза тапқан ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағының командирі Олег Пешков оқыған №29 мектептің әкімшілігі 27 қарашада оны еске алу акциясына келгендерді ғимаратқа кіргізбеді. Қызметкерлер антитеррорлық қауіпсіздік талаптарын сылтауратты, деп хабарлады YK-news.kz тілшісі.

Су-24 ұшағын 24 қарашада Түркияның әскери-әуе күштері Сирия мен Түркия шекарасында атып түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, штурман мен командир катапультпен секірген, бірақ командирді ауада содырлар атып өлтірген. Пешков Өскеменде өсіп, №29 мектепті бітірген.

Бір күн бұрын директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Елена Лукина 27 қарашада мектепте еске алу шарасы өтетінін айтқан. Алайда белгіленген күні ұшқыштың сыныптастары мен ардагерлер кеңесінің өкілдерін ішке кіргізбеді: оларға шара болмайтынын, еске алуға кеше келу керек болғанын айтты. Бөгде адамдардан кетуді сұрап, «антитеррорлық қауіпсіздік аясында оқу процесі кезінде мектепте бөгде адамдар болмауы керек» деп түсіндірді.

Мектеп директоры Марина Кикина билік тарапынан тыйым салу туралы нұсқау болды ма деген сұраққа жауап бермеді. «Мектеп аумағында шара өткізілмеуі керек», — деді ол. Ішкі істер департаменті мұндай шараларды бақылау өз құзыретіне кірмейтінін, акцияларға рұқсат беру не тыйым салу әкімдіктің ісі екенін мәлімдеді. Аты аталмауын сұраған мектептегі дереккөз акцияға қала билігі қарсы болғанын айтты. Ішкі саясат бөлімі тілшінің сұрақтарына жауап бермеді.

Ақыры жиналғандар акцияны интернационалист жауынгерлерге қойылған ескерткіштің басына көшірді: Пешковтың суретін қойып, гүл шоқтарын қалдырды.

Ұшқыштың сыныптасы Наталья Лукина оның бала кезден ұшқыш болуды армандағанын, Суворов училищесіне емтихансыз түсу үшін мектепті үздік бітіруге тырысқанын еске алды. Әлі қанша ұшасың деген сұрағына Пешков: «Тірі жүргенше ұша беремін», — деп жауап беретін. Оның қазасын ол теледидардағы жаңалықтан білген.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз