Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық туралы заңға қол қойды. Ақорданың хабарлауынша, рақымшылыққа 28 мыңға жуық азамат ілігеді. Мемлекет басшысы рақымшылықты Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңындағы мемлекеттің ізгі ниеті деп атады.
Назарбаевтың сөзінше, бұл акт отандастарымызға деген «мейірім, үміт және кешірім», ол қоғамды сауықтыруға тиіс. Рақымшылық ең алдымен әлеуметтік осал топтарға – кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдер мен балалы әйелдерге, мүгедектер мен қарт адамдарға қатысты.
Түзеу мекемелерінен 1500-ге жуық адам босайды. Олардың 80%-ы пробация қызметінің бақылауында болады.
Президент босатылатындардың бәрі – еліміздің азаматтары екенін, оларға түзеліп, қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік беру керегін атап өтті. Ол рақымшылыққа ілінгендер енді заң бұзбайды деп үміттенетінін жеткізді.
Назарбаев Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда рақымшылық сегіз рет жарияланғанын, осы уақытта заңнаманы ізгілендіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанын еске салды.
«Радиоточка» материалдары бойынша.



