Мазмұнға өту

Қасымов Алматыдағы теракт туралы өсек таратқандарға адвокат іздеуге кеңес берді

Министрдің айтуынша, шабуылдар туралы жалған ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратуға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыдағы шабуыл туралы жалған мәлімет таратқан блогерлер мен журналистерге адвокатқа жүгінуге кеңес берді. Министр бұл туралы 2016 жылғы 19 шілдеде, оңтүстік астанадағы теракттан бір күн өткен соң, Үкімет отырысының кулуарында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, шабуылдар туралы жалған ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратуға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Іс кімге қатысты қозғалғанын Қасымов нақтыламады. Ол тек жалған мәліметті кім жариялағаны анықталып жатқанын айтты.

Министр атыс туралы ресми мәліметтің неге бірнеше сағаттан кейін ғана шыққанын да түсіндірді. Оның сөзінше, алғашқы минуттарда «қаланың әр жерінде болған атыс туралы өте көп ақпарат» түскен. Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында, Никольский базары маңындағы патрульдік полицияда, ҰҚК департаменті жанында, Абай көшесіндегі метро маңында және Абылай хан көшесінде атыс болды деген хабарлар келген.

Полиция әр хабарды тексеріп, сол жерге адам жіберуге мәжбүр болған. Солардың бірі – Алмалы АІІБ маңында «Аллаһу акбар» деп айқайлаған автоматшыны көрдім деген әйелдің сөзі. Қасымов мұны «нағыз өтірік» деп атады. Интернетте тараған супермаркетте адамдар кепілге алынды деген қауесет те тексерілген.

Сонымен қатар министр екінші «Лада» көлігі мен оның жүргізушісі кеш табылғанын айтты. Сондықтан полиция екінші қылмыскер автоматпен қашып кетті деп есептеген. Кейін қару тасталған жерінен табылды. Қасымовтың сөзінше, тексерістің ұзаққа созылуы осымен түсіндіріледі.

«Радиоточка», Newtimes.kz және Informburo.kz материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз