Энергетика министрлігі желтоқсанда тарифті жаңадан көтеруге бастамашы болмайды. Бұл туралы 10 қарашада Үкіметтегі брифингте энергетика министрі Ерлан Аккенженов айтты. Журналистер келесі айда жарық пен жылу қымбаттай ма деп сұрағанда, министр: «Біз Энергетика министрлігі ретінде тарифті көтеруді көздемейміз. Мұны істегіміз келмейді», — деп жауап берді.
Министрдің сөзінше, бұрынғы тариф өсімінен түскен қаржы ең алдымен жабдықты жөндеуге және оның сенімділігін арттыруға, сондай-ақ энергетиктердің жалақысына және ЖЭО-ларды жаңартуға жұмсалады. Биыл электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді, ал былтыр бұл сома 348 млрд теңге болған. Электр желілеріне 393 млрд теңге, жылу желілеріне 198 млрд теңге бағытталды. Жөндеу шығыны орта есеппен 27%-ға өсті. Жоспарланған тоғыз энергоблоктың сегізі, 55 қазандықтың 49-ы жөндеуден өтті. Электр станцияларындағы жабдықтың тозуы 52%-ға, электр желілерінде 65,7%-ға, жылу желілерінде 48%-ға дейін төмендеді. Технологиялық бұзушылықтар былтырмен салыстырғанда орта есеппен 6%-ға азайды.
Тағы бір мәселе — электр станциялары мен ЖЭО-лар алдындағы қарыз. Сол күні Үкімет отырысында Аккенженов энергия көздері алдындағы жалпы берешек 11%-ға азайып, қазір 72 млрд теңге болғанын хабарлады. Оны өтеу үшін арнайы комиссия құрылып, төлем кестелері бекітілді. Әкімдіктерге жыл соңына дейін бұл қарызды қайтару үшін шара қабылдау тапсырылды.
Журналистер министрден өзінің коммуналдық төлемдері туралы да сұрады. Аккенженов Астанадағы тұрғын үй кешеніндегі пәтері үшін коммуналдық қызметтерге айына шамамен 73–75 мың теңге төлейтінін айтты. Бұл сомаға интернет пен көлік тұрағының жалдау ақысы кірмейді.
Бұдан бір апта бұрын, 3 қарашада, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин инфляцияны тежеу үшін Үкімет тарифтің бүкіл өсімін жыл соңына, желтоқсан айына ысыруға тырысқанын айтқан еді. Оның сөзінше, көктем мен жаздағы тариф өсімі инфляцияға 0,47 пайыздық тармақ қосқан. Үкімет пен Ұлттық банк ақылы қызметтердің жалпы инфляцияға үлесі 1%-дан аспауы керек деп келіскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазан айында жылдық инфляция 9,2%-ға дейін баяулады, ал ақылы қызметтер бір жылда 10,3%-ға қымбаттады. Соңғы жылдары жарық пен жылудың неге қымбаттап жатқанын «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы туралы материалымызда талдадық.



