Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

17 қарашадағы «цифрлық апокалипсис»: ТЖМ басшысы алаңдамауға шақырды

Құтқарушылар бәрібір үйде 72 сағатқа жететін су, құжат пен қолма-қол ақша қорын ұстауға кеңес береді.

Министр по чрезвычайным ситуациям Казахстана Мурат Муханов
Фото: Kazinform

Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қазақстандықтарды 17 қарашадағы «цифрлық апокалипсис» туралы қауесетке алаңдамауға шақырды. Ол 10 қарашада Үкіметтегі брифингте Үкімет те, Төтенше жағдайлар министрлігі де азаматтарға осы күнге дейін азық-түлік қорын жинау туралы ешқандай ескерту не кеңес бермегенін мәлімдеді.

Мұхановтың айтуынша, ол кейбір елдерде осындай мәлімдемелер жасалғанын естіген. «Бірақ бүгінгі күні азаматтарымыздың алаңдауына ешқандай қажеттілік жоқ екенін сеніммен айта аламын», – деді министр. Азық-түлік қорын жинау-жинамауды әркім өзі шешеді, деп қосты ол.

Қауесет қараша айының басынан бері әлеуметтік желілерде тарап жүр. Танымал жазбаларда 17 қарашада хакерлер бүкіл интернетке шабуыл жасайды делінген: желі үш айға өшіп, ірі банктер бұзылады, ал шоттағы ақша нөлге түседі. Адамдарды су, азық-түлік, қолма-қол ақша мен алтын жинап алуға үндейді. Осындай ең танымал жазбалардың бірін X әлеуметтік желісінің пайдаланушысы жариялаған, ол даркнеттегі «ақпарат көзіне» сілтеме жасайды.

Төтенше жағдайлар министрлігі 4 қарашада-ақ азық-түлік, су мен дәрі-дәрмекті шұғыл жинауды қажет ететін қатерлер туралы ресми ескерту жасамағанын хабарлап, жағдайды тек ресми дереккөздер арқылы бағалауға кеңес берген. Сонымен бірге құтқарушылар жалпы үйде 72 сағатқа жететін қор ұстауды ұсынады – азаматтық қорғаудың халықаралық стандарттары да осыны кеңес етеді. Мұндай жиынтыққа ауыз су, құжаттар, қолма-қол ақша, зарядтағышы бар байланыс құралдары, қалта шам және жылы киім кіреді.

Нақты қатер туралы ТЖМ ресми арналар, соның ішінде 112 қызметінің SMS-хабарламалары арқылы ескертеді. Жуырда министрлік мұндай хабарламалардың кейде кешігіп келетінін мойындады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз