Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Ұлттық Банк пен ҚНРДА капитал нарығын дамыту бағдарламасын бекітті

35 бастамадан тұратын құжат қор нарығын банк несиесімен қатар бизнесті ұзақ мерзімді ақшамен қамтамасыз ететін толыққанды көзге айналдыруға тиіс.

Торги на Казахстанской фондовой бирже KASE
Торги глобальными бумагами на KASE выросли почти в четыре раза

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мен Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті. Екі ведомство басқармаларының бірлескен қаулысына қазан айының соңында қол қойылды, құжаттың қабылданғанын агенттік 10 қарашада хабарлады. Бағдарлама жеті стратегиялық бағыт пен 35 бастамадан тұрады. Оның мақсаты – капитал нарығын компаниялар мен инвесторлар үшін қолжетімді ету және оны банк несиесімен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың толыққанды көзіне айналдыру.

Бизнес үшін биржаға шығу рәсімі жеңілдеп, цифрлық форматқа көшеді. Эмитенттерді даярлау бағдарламасы, салықтық ынталандыру және листинг демеушілері институты енгізіледі – осылайша шағын және орта бизнеске акционерлік капиталға жол ашу көзделген. Сонымен қатар билік корпоративтік облигациялар шығаруды ынталандырып, секьюритизацияны және туынды құралдарды дамытпақ. Бұл құралдар банк қарызына балама әрі тәуекелді басқару тәсілі ретінде қарастырылады.

Инвесторлар тарапынан басты назар зейнетақы қаражаты мен ұжымдық инвестицияларға аударылған. Зейнетақы активтерін басқару тиімдірек болып, активтердің өзі нарықта белсендірек жұмыс істеуге тиіс. Жаңа кәсіби басқарушыларға, оның ішінде балама және хедж-қорларға жағдай жасалады. Акциялардың қайталама нарығын жандандыру үшін бағалы қағаздарды қарызға беру тетігін енгізу, қысқа сатылымдар мен маркет-мейкингті дамыту, шетелдік инвесторларға қолжетімділікті кеңейту жоспарланған.

Жаңа құралдардың қатарында цифрлық қаржы активтері, ESG-қаржыландыру және капитал нарығының исламдық сегменті бар. Эмитенттер қиындыққа тап болған жағдайдағы ережелер де өзгереді: заңнамада алдын ала келісілген қайта құрылымдау бекітіліп, облигация ұстаушылар өкілі институты күшейеді, трансшекаралық дәрменсіздік нормалары пысықталады. Реттеуші сондай-ақ қор биржасының функцияларын кеңейтуге, тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшуге, биржадан тыс мәмілелерді ашық етуге және нарық қатысушыларына артық жүктемені азайтуға уәде береді.

Агенттік деректеріне қарағанда, соңғы бес жылда Қазақстандағы акциялар нарығының капиталдандырылуы екі еседен астам өсіп, 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге жеткен, ал борыштық бағалы қағаздар нарығы 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайып, екі есеге жуық өскен. Бағдарлама Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы бойынша әзірленді. Шаралардың бір бөлігі жаңа «Капитал нарығы туралы» заңда бекітіледі, бұл құжатты 2026 жылдың соңына дейін Құрылтайға енгізу жоспарланып отыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз