2026 жылғы қаңтар – қазан айларында Қытайдың сыртқы саудасының оң сальдосы 1 трлн доллардан асып, 1,04 трлн долларға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Деректерді сейсенбіде, 10 қарашада ҚХР Бас кеден басқармасы жариялады. Қытай триллион доллар межесінен 2025 жылмен салыстырғанда бір ай ерте өтті.
Қазанда экспорт өткен жылмен салыстырғанда 35,2%-ға өсіп, 412,3 млрд долларға, ал импорт 41,6%-ға артып, 307,1 млрд долларға жетті. Импорт 2021 жылдан бері мұндай қарқынмен өспеген. Сондықтан айлық профицит 105,3 млрд доллар болып, мамырдан бергі ең төмен деңгейге түсті әрі күтілгеннен аз шықты: SBS жазуынша, Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылар 125,8 млрд доллар күткен.
Өсімнің басты себебі – жасанды интеллектіге арналған техникаға сұраныс. Қазанда микросхемалар экспорты 137%-ға өсіп, 39,6 млрд долларға, автомобиль экспорты 37,6%-ға артып, 19,7 млрд долларға жетті. Синьхуа кеденге сілтеме жасап хабарлағандай, он айда интегралдық схемалар экспорты 101,9%-ға, жад модульдері 132,5%-ға, ал «жаңа үштік» – электромобильдер, күн панельдері мен литий батареялары экспорты 46,5%-ға өскен.
Он айда Қытайдың жалпы тауар айналымы 44,81 трлн юаньді, шамамен 6,67 трлн долларды құрап, 20%-ға өсті. АСЕАН елдерімен сауда 24,2%-ға, Еуропалық одақпен 8,5%-ға, АҚШ-пен 6,3%-ға, «Белдеу және жол» бастамасына қатысатын елдермен 18,5%-ға артты. AFP мәліметінше, ЕО-мен саудадағы профицит бір жыл бұрынғы 241,6 млрд доллардан 310,7 млрд долларға дейін өсті, ал қазанда АҚШ-қа экспорт 32,9%-ға ұлғайды. «Биыл Қытайдың сыртқы саудасы қарқынын сақтап, орнықтылығы мен өміршеңдігі артқанын көрсетті», – деді кеденнің статистика және талдау департаментінің директоры Люй Далян.
Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар – шілдеде еліміздің сыртқы сауда айналымының 22,8%-ы, шамамен 20 млрд доллары Қытайдың үлесіне тиді. Қытай қазақстандық тауарлардың ең ірі сатып алушысы (үлесі 18%) әрі Ресейден кейінгі екінші жеткізуші (импорттың 29,4%-ы). Сонымен қатар қазанда Қытай 41,9 млн тонна мұнай сатып алды. Бұл соңғы жеті айдағы ең жоғары көрсеткіш, бірақ бір жыл бұрынғы, Иранмен соғысқа дейінгі деңгейден шамамен 13%-ға аз.
Өткен жылғы рекорд – 1,19 трлн долларға жуық профицит, Қытай оны биыл жаңартуға бет алып отыр. Экспорт ел экономикасының басты тірегі болып қала береді: үшінші тоқсанда Қытайдың ЖІӨ-сі 4,5%-ға өсті, ал 2026 жылға қойылған мақсат – 4,5–5%.



