Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Ford Mustang Mach-E: 160 мың шақырымнан кейін батарея 91%-ын сақтаған

322 мың шақырымнан астам жүрген көліктердің батареялары сыйымдылығының орта есеппен 88%-ын сақтаған.

Ford Mustang Mach-E и Ford F-150 Lightning
Фото: Ford

Ford Mustang Mach-E электр кроссоверінің алғашқы, 2021 модельдік жылғы көліктерін пайдаланудың бес жылдық қорытындысын шығарды. Компания АҚШ пен Канадада жалпы 2 миллиард мильден астам, яғни шамамен 3,2 миллиард шақырым жол жүрген 36 мыңнан астам көліктің деректерін жинады. Орташа есеппен олардың батареясының «денсаулық» көрсеткіші 92% болды. Бұл — батареяның жаңа кезімен салыстырғанда қалған сыйымдылығы.

Көліктердің көпшілігінде айырмашылық шамалы: 95%-ында бұл көрсеткіш 87–97% аралығында. 2 мыңнан астам көлік иесі зауыттық батареямен 100 мың мильден (шамамен 161 мың шақырым) астам жол жүрген, олардың батареясында орта есеппен шамамен 91% қалған. 30-дан астам көлік 200 мың мильден (шамамен 322 мың шақырым) асқан, оларда бұл көрсеткіш орта есеппен 88%. Екі көлік иесі 300 мың мильден астам жүрген, ал олардың бірі Дэвид Бленке 400 мың мильден (шамамен 644 мың шақырым) асқан. Ford оның батареясының нақты көрсеткішін атамай, тек «әлі де жақсы күйде» екенін айтты.

Ford-тың барлық электрокөліктері бойынша, соның ішінде F-150 Lightning пикапы мен E-Transit фургонын қоса алғанда, батареялар 100 мың мильден кейін орта есеппен 90%-дан астам сыйымдылығын сақтайды. Ford-тың жоғары вольтты батареялар жөніндегі техникалық жетекшісі Кевин Вандер Лаан «деректер көңіл көншітеді» деді. Оның айтуынша, бұл — осындай ауқымдағы ең құнды кері байланыстың бірі, ал қорытындылар батареяларды, бағдарламаларды және болашақ электрокөліктерді әзірлеген кезде ескеріледі.

Ford батареяның қызмет мерзімін ұзартуға қатысты кеңестер де берді:

  • күнделікті үйде қарапайым баяу зарядтағышпен зарядтап, жылдам зарядтауды алыс сапарларға қалдыру;
  • мүмкіндігінше қатты ыстықта және аязда зарядтамау;
  • батареяны алдын ала жұмыс температурасына дейін жылыту немесе салқындату;
  • жазда көлікті көлеңкеге қою;
  • Ford-тың кейбір жаңа көліктерінде орнатылған литий-темір-фосфат (LFP) батареяларын анда-санда 100%-ға дейін зарядтап тұру.

Mach-E Ford-тың жаңа дәуірдегі алғашқы сериялық электрокөлігі болды. Ол 2020 жылдың соңында Tesla Model 3 пен Model Y-ке бәсекелес ретінде нарыққа шықты. Алғашқы көліктерде никель-кобальт-марганец батареялары орнатылған. 2027 модельдік жылы Mach-E-дің АҚШ-тағы бағасы 39 995 доллардан (шамамен 18 млн теңге) басталады. Базалық нұсқасы 88 кВт·сағ батареямен жабдықталған, американдық EPA циклі бойынша оның жүріс қоры 320 мильге (шамамен 515 шақырым) дейін жетеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз