BYD 19 миллионыншы жаңа энергиялы көлігін шығарды. Қытайда электрокөліктер мен розеткадан зарядталатын гибридтерді осылай атайды. Мерейтойлық көлік BYD құрамына кіретін Fang Cheng Bao маркасының алты орындық үлкен гибридті моделі Ti 9 болды. Компания салтанатты рәсімді 9 қарашада өткізді. BYD 17 миллионыншы көлігін 8 шілдеде шығарған еді, яғни соңғы 2 миллион көлікті шамамен төрт айда құрастырды.
Сол күні Ti 9-ға алдын ала тапсырыс қабылдау басталды, ал Қытайда ресми сатылымы қараша айының соңына жоспарланған. Бағасы әлі жарияланған жоқ: BYD бұл модельді құны шамамен 400 мың юань, яғни шамамен 27 млн теңге тұратын флагмандар қатарына қосады.
Ti 9 туралы негізгі мәліметтер:
- өлшемдері: ұзындығы 5270 мм, ені 1999 мм, биіктігі 1850 мм, доңғалақ базасы 3130 мм;
- гибридті қондырғы: 154 ат күшіне тең 1,5 литрлік турбоқозғалтқыш және екі электр мотор, жалпы қуаты — 536 ат күші, жетегі толық;
- екінші буындағы 66,48 кВт·сағ Blade батареясы: тек электрмен WLTC циклі бойынша 310 шақырымға дейін, жалпы жүріс қоры — 1630 шақырымға дейін;
- өндірушінің дерегінше, батарея 10%-дан 97%-ға дейін тоғыз минутта зарядталады;
- батарея заряды таусылған кездегі отын шығыны — 100 шақырымға 6,4 литр, ең жоғары жылдамдығы — сағатына 220 шақырым, салмағы — 2865–2965 кг.
Ti 9-дың шанағы көтергіш, рамасы жоқ. Артқы доңғалақтары да бұрылады, ал төбесінде лидар, яғни жүргізушіге көмектесетін God’s Eye B жүйесіне арналған лазерлік датчик орнатылған. Бұл жүйе көлікті тасжолда да, қалада да жүргізе алады. Жүк салғышының көлемі — 655 литр, үшінші қатар жиналса, 1245 литрге дейін ұлғаяды. Салонда 2+2+2 сызбасы бойынша алты орын, алдыңғы панельдің бүкіл енін алатын 30 дюймдік экран, артқы жолаушыларға арналған 21,4 дюймдік төбе экраны, 31 динамиктен тұратын Devialet аудиожүйесі және 11,3 литрлік тоңазытқыш бар. Үшінші қатардағы орындықтар жылытылады, желдетіледі, массаж функциясы да бар.
Fang Cheng Bao — BYD-дің жолсыз жерге арналған көліктер мен үлкен кроссоверлер шығаратын маркасы. Оның кіші моделі Ti 7 жақында дау-дамайдың ортасында қалды: Land Rover BYD-мен сотқа түсті, британдық компания Ti 7 Defender-ден көшірілген деп есептейді.



