Мазмұнға өту

Мультимиллионер Бауыржан Оспанов бокс федерациясының вице-президенті болды

Алматы облысы бокс федерациясының басшысы облыстық федерациялармен жұмысты қадағалайды.

Алматы облысы бокс федерациясының президенті Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов Қазақстан бокс федерациясының облыстық федерациялармен жұмыс жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды. Бұл туралы ҚБФ баспасөз қызметі хабарлады.

Forbes.kz-тің 2014 жылғы мамырдағы деректеріне сәйкес, Оспанов Қазақстанның ең бай 50 адамының қатарына кіреді, журнал оның байлығын 225 млн долларға бағалаған.

Оспанов — ZHERSU индустриялық-инвестициялық корпорациясының негізін қалаушы әрі иесі. Холдинг құрамында Талдықорған көлік-электр желілік компаниясы (ТАТЕК), «Сайман корпорациясы», ZHERSU POWER, «ZHERSU METAL» АҚ, Alakol Plant зауыты және Kerneu Limited құрылыс-сервистік компаниясы бар. Холдингтің өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы бағыты да бар, жер қоры 160 мың гектар. ZHERSU-дың жылдық айналымы шамамен 1,5 млрд доллар. Холдингтің мүддесі электр энергетикасы мен шикізат өндіруге байланысты, соңғы жылдары Оспанов Кенияға инвестиция салып жүр.

Қазақстан бокс федерациясының президенті — Қазақстан Президентінің ортаншы қызы Динараның жұбайы Тимур Құлыбаев. Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша, ол 1,8 млрд доллар капиталымен елдің ең бай адамдары арасында екінші орында тұр.

Тимур және Динара Құлыбаевтар «АЛМЭКС» холдингтік тобы» АҚ-ына тең үлеспен иелік етеді. Оның құрамында Қазақстан Халық жинақ банкі, бірқатар ЖШС және басқа да компаниялар бар. Сондай-ақ Құлыбаев «Газпромның» директорлар кеңесіне кіреді, Ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарады және KazEnergy қауымдастығының мүшесі.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз