Мазмұнға өту

Теңге еркін айналымға жіберілген соң бірқатар банк айырбастау пункттерін жапты

АТФБанк пен Нұрбанк қолма-қол валютамен операцияларды тоқтатып, басқа банктер бағамды өз сайттарынан алып тастады.

Қазақстандағы екінші деңгейлі бірнеше банк айырбастау пункттерін жапты, енді бірі қолма-қол валюта бағамын сайттарында жариялауды тоқтатты. Теңге «еркін айналымға» жіберілгеніне бір апта толғанда валюта нарығындағы жағдай осындай болды.

26 тамыздағы сағат 16:00-дегі дерек бойынша қолма-қол валюта бағамын 12 банк өз сайтында көрсетіп тұрды: Bank Kassa Nova, Eurasian Bank, Альфа-Банк, Қазақстан Халық банкі, Delta Bank, Capital Bank Kazakhstan, Заман-банк, Казкоммерцбанк, ЦентрКредит банкі, Қазақстан Эксимбанкі, Астана банкі және ВТБ Қазақстан банкі. ҚазИнвестБанк, Цеснабанк, Bank RBK және Сбербанк еншілес банкі телефон мен электрондық пошта арқылы жауап берді, бірақ валютаның бар-жоғын және бағамды айырбастау пункттерінің өзінен сұрауға кеңес берді. АТФБанк пен Нұрбанк қолма-қол валютамен операцияларды уақытша тоқтатты.

Сарапшылардың пікірінше, банктер осылайша валюта тәуекелін азайтып отыр: олар нарықты үнемі бақылап, шығынға батпауға тырысады. Теңге қайтадан құбылмалы бағамға көшкеннен кейін бағамды болжауға ешкім батылы бармады.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Худайбергенов Facebook парақшасында: «Біздегі нарық классикалық мағынадағы нарық емес», – деп жазды. Оның ойынша, бағамды ірі қатысушылар қозғайды, ал Ұлттық банк бұл үрдістерге ілесе ме, әлде оларды бәсеңдете ме – мәселе соған байланысты.

Кейбір банктердегілер бағамды күніне 3-4 рет өзгертуге тура келетінін айтты. Олар бағамды KASE сессияларының қорытындысы бойынша Ұлттық банк деректерімен салыстырып отырады. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің күн ішінде бағамды өзгерткен айырбастау пункттерін жазалау туралы мәлімдемесі банкирлерді таңғалдырды: нормативтік актілерде мұндай тыйым жоқ. БАҚ мәліметінше, Келімбетов: «Біз банктермен кездестік. Сондықтан не болып жатқанын бәрі білді», – деген.

Tengri Partners компаниясының басқарушы серіктесі Ануар Ушбаевтың болжауынша, шағын банктер теңгенің тепе-тең ауқымы түпкілікті орныққанша күтуге мәжбүр. Оның айтуынша, биржадағы сауда көлемі аз болғандықтан ірі ойыншылар алыпсатарлық жасай алады. Ол бұл ойыншыларды этикалық себеппен атаудан бас тартты. KASE де ірі көлемде валюта сатып алып, сатып жатқандар туралы дерек бермеді.

Материал авторының болжамынша, нарықтың ірі қатысушылары валюта айналымы көп салалардағы компаниялар болуы мүмкін, ал олар валюта реттеушісінің бақылауында.

Авторы: Әсел Жанабаева.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз