Мазмұнға өту

Алматыда «Алма-ТВ» бас директоры Жомарт Ертаевты ұстамақ болды

ҚазТАГ дерегінше, бұрынғы банкир күзетшілер ескерткен соң кеңседен қосалқы есік арқылы шығып кеткен.

Қазақстан Бас прокуратурасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобының қызметкерлері Алматыда «Алма-ТВ» бас директоры, бұрынғы банкир Жомарт Ертаевты ұстамақ болды. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Агенттіктің дерегінше, тергеушілер Ертаевқа компания кеңсесіне келген, бірақ ол орнында болмаған. Кейін оның күзет қызметкерлері ескерткен соң қосалқы есік арқылы шығып кеткені белгілі болды.

ҚазТАГ дереккөзі ұстау әрекетін бұрынғы Альянс банктегі қылмыстық істерді «тергеу барысында пайда болған жаңа мән-жайлармен» байланыстырды.

2013 жылы Альянс банк бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты тергеу жүргізуді сұрап, қаржы полициясына жүгінген. Банктің нұсқасы бойынша, олар өкілеттігін асыра пайдаланып, Ертаевқа кепілсіз әрі банк үшін тиімсіз шарттармен қайтарылмайтыны алдын ала белгілі несиелер берген. 2014 жылғы тамызда наразылықтарды реттеу аясында Ертаев мерзімі өткен үш кепілсіз несие бойынша негізгі қарыз бен пайыздың 2 млн долларға жуығын қайтарған. ҚазТАГ дерегінше, бұл несиелер заң бұзылып рәсімделген.

Жомарт Ертаев 43 жаста. 2002–2007 жылдары «Альянс Банк» АҚ басқармасының төрағасы болған, кейін Украинадағы «БТА Банк» АҚ мен Алматыдағы «Еуразиялық банк» АҚ басқармаларына төрағалық еткен. 2010 жылдан бері «Bank RBK» АҚ директорлар кеңесінің кеңесшісі, 2011 жылдан бері Еуразиялық қаржылық консалтинг орталығының басшысы. «Алма-ТВ» бас директоры қызметіне 2014 жылғы қарашада келген.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз