Ақтөбе облысында Шалқардағы аэродромды қайта жаңғыртатын мердігер анықталды: конкурс қорытындысы бойынша жұмысты «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС атқарады. Аэродром қалпына келтірілген соң мұнан Ақтөбеге әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр, деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі. Өңірде жергілікті әуе желілерімен тұрақты жолаушылар рейсі 2011 жылдан бері орындалмайды.
Аэродром Шалқардан шамамен жеті шақырым жерде орналасқан. Ұзындығы 1 200 метр асфальт-бетон ұшу-қону жолағы күшейтіліп, перрон мен рульдеу жолы қайта салынады. Аумақ қоршалады, жолаушыларға арналған модульдік павильон тұрғызылып, қажетті жабдық орнатылады.
Жобалауға шамамен бес ай, құрылыс-монтаж жұмыстарына алты айдай уақыт кетеді. Бұл мерзімге мемлекеттік сараптама кірмейді. Құрылыс біткен соң аэродром сертификаттаудан өтуі керек, ал рейстердің басталуы инфрақұрылымның дайындығына, ұшақ сатып алуға және рұқсат алуға байланысты болады.
Аэродром 19 жолаушыға дейін сыятын L-410 ұшақтарына арналған, ұшулар тек күндіз жүреді. Тасымалды «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай» АҚ ұйымдастырады, ал ұшақтарды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржылық лизингке алу көзделген.
Облыста шағын авиацияны жаңғырту жоспары көктемде-ақ айтылған. 2026 жылғы наурызда әкімдік алғашқы бағыттар ретінде Ақтөбе — Шалқар, Ырғыз және Бозойды атаған еді: кейбір аудандарға көлікпен 8–10 сағат жүруге тура келеді, ал әуемен 40–90 минутта жетуге болады. Қыркүйекте облыс әкімі Асхат Шахаров чехиялық Omnipol компаниясымен L-410 ұшақтарын жеткізу мәселесін талқылады, Шалқардағы аэродромға тендер де сол кезде басталды.



